Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылы баспана бағасы тағы шарықтап кетпей ме? Вице-министр түсіндірді

Бөлісу:
 smartinvestmentbg.com
Фото: smartinvestmentbg.com

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз кездесуінде Baq.kz тілшісінің тұрғын үй бағасына қатысты сұрағына жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, жеке тұрғын үй секторындағы баға – нарықтық қатынастардың мәселесі және ол мемлекет тарапынан реттелмейді.

Біз жеке сектордағы тұрғын үй бағасын реттемейміз, бұл – нарықтық қатынастар. Мемлекет тек өз инвестициясы есебінен салынатын және сатып алынатын тұрғын үйлердің құнын реттейді. Олар – жалдамалы тұрғын үй және мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін кредиттік тұрғын үй, – деді Қуандық Қажкенов.

Мемлекеттік тұрғын үйдің орташа бағасы қанша?

Оның сөзінше, Мәжіліс алаңында бұл мәселе жуырда қайта көтерілген. 2025 жылға арналған есептеулер бойынша, мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйдің орташа бағасы республика бойынша бір шаршы метр үшін 326 мың теңгені құрайды.

Бұл көрсеткіш біздің министрліктің тұрғын үй саясатына толық сәйкес келеді, – деді вице-министр.

Аймақтар бойынша ең жоғары баға дәстүрлі түрде ірі қалаларда тіркелген:

  • Алматыда – шамамен 355 мың теңге,
  • Астанада – шамамен 390 мың теңге.

Баға 5-6 пайызға өскен

Сонымен қатар Қуандық Қажкенов 2022 жылғы сметалық нормаларға негізделген есептеулерге де тоқталды. Осы әдістеме бойынша республика бойынша орташа көрсеткіш 347 мың теңгені құрайды. Бұл баға 5-6 пайызға өскен.

Ал Алматы мен Астанада бұл әдістеме бойынша баға 350-380 мың теңге аралығында қалыптасады.

Вице-министрдің айтуынша, дәл осы сметалық нормалар негізінде жалдамалы тұрғын үй және кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу жүзеге асырылады.

Ал жеке құрылыс компаниялары мен коммерциялық нарықтағы мәмілелерге мемлекет араласпайды.

Бұл – таза нарықтық қатынастар. Мемлекет тек өз қаражатына салынатын және азаматтарға берілетін тұрғын үйдің бағасына жауап береді, – деп түйіндеді Қуандық Қажкенов.

Оның айтуынша, мұндай нарықта баға өсімі шамамен 16-17 пайыз деңгейінде болуы мүмкін және бұл мемлекеттік реттеуге жатпайды.

Өзгелердің жаңалығы