Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылы бала туған аналарға қанша теңгеден төленеді?

Бүгiн, 10:10
709
Бөлісу:
 Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com

2026 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаяды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған айлық есептік көрсеткіштің өсуі тікелей әсер етіп отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК 4 325 теңге болып белгіленді. Соған сәйкес бала тууына, бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар жаңа мөлшерде есептеледі.

Бала дүниеге келген кезде қандай төлемдер қарастырылған?

Мемлекет бала туған аналарға олардың жұмыс істеу-істемеуіне және отбасының табыс деңгейіне қарамастан бірнеше әлеуметтік қолдау түрін ұсынады.

Егер әйел міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болса, оған жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.

Сонымен бірге барлық аналарға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2026 жылы оның мөлшері мынадай:

• алғашқы, екінші немесе үшінші балаға – 38 АЕК, яғни 164 350 теңге;

• төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК, бұл 272 475 теңгеге тең.

1,5 жасқа дейін қандай жәрдемақы беріледі?

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы төленеді.

Жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджет есебінен келесі мөлшерде төлем қарастырылған:

• бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;

• екінші балаға – 6,81 АЕК, яғни 29 453 теңге;

• үшінші балаға – 7,85 АЕК, бұл 33 951 теңге;

• төрт және одан да көп балаға – 8,90 АЕК, немесе 38 493 теңге.

Ал жұмыс істейтін әйелдер үшін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде есептеледі.

Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін анасы табысынан айырылған жағдайда, оның пайдасына аударылатын міндетті зейнетақы жарналары мемлекет есебінен субсидияланады.

Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдау

Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға жәрдемақы бала санына қарай белгіленеді. 2026 жылғы төлем мөлшері төмендегідей:

• 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;

• 5 баласы барларға – 20,04 АЕК, яғни 86 673 теңге;

• 6 баласы бар отбасыларға – 24,05 АЕК, бұл 104 016 теңге;

• 7 баласы барларға – 28,06 АЕК, яғни 121 360 теңге;

• 8 және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға – әр балаға 4 АЕК, бұл 17 300 теңгеден төленеді.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне төлем

Алты және одан да көп бала тәрбиелеген аналар мемлекет тарапынан ерекше марапатқа ие болады. Оларға ай сайын арнайы жәрдемақы төленеді.

• «Алтын алқа» иегерлері – 7,4 АЕК, яғни 32 005 теңге;

• «Күміс алқа» иегерлері – 6,4 АЕК, бұл 27 680 теңге көлемінде қаржылай қолдау алады.

Өзгелердің жаңалығы