Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылға Қазақстандағы баспана бағасына болжам: қаңтарда нарықта не болады

Бүгiн, 10:30
547
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

2026 жылдың басында Қазақстандағы тұрғын үй нарығы өткен жылдың соңындағы баға шарықтауынан кейін, сірә, сәл кідіріс алады. Сарапшылар бағаның күрт құлдырауын күтпейді, алайда мәмілелер санының азаюы, саудаласудың күшеюі және әсіресе мегаполистердегі шамадан тыс бағаланған сегменттерде жекелеген түзетулер болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы ірі қалаларда бағаның қалыпты өскенін көрсетті. Жаңа тұрғын үйлер орта есеппен 6–8 пайызға қымбаттаған, ал өңірлер бұл өсімнен қалып, кейбір жерлерде нарық тоқырау күйінде қалған.

2025 жылы ірі қалаларда екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы өсті, бірақ дүрбелеңсіз: Алматыда жыл ішінде шамамен 8 пайыз, Астанада 11–12 пайыз шамасында, – дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшы жылдың басы дәстүрлі түрде мәмілелер санының азаюымен сипатталатынын атап өтеді. Оның бағалауынша, наурызға дейін жасалатын операциялардың жалпы көлемі төмендеуі мүмкін.

Қаңтар айында әдетте мәмілелер баяу жүреді: адамдар мерекеден кейін өз-өзіне келеді, қаржысын қайта есептейді және мөлшерлемелер мен салықтарға қатысты жаңалықтарды күтеді, – деп түсіндіреді ол.

Нарықтағы күтулерге Ұлттық банктің бағаның шегіне жеткені және ипотеканың қымбаттауы туралы мәлімдемелері, сондай-ақ тұрғын үй бағдарламалары да әсер етті. "Отбасы банкі" арқылы өтетін мәмілелердің едәуір бөлігі наурызда есептелетін мемлекеттік сыйақыны күтеді, бұл да белсенділікті кейінге ысырады.

Сонымен қатар 2025 жылдың соңында нарық әдеттегіден тыс мінез көрсетті. Қараша және желтоқсан айларында кейінге қалдырылған сұраныс пен Салық кодексіндегі өзгерістерге, ҚҚС-тың ықтимал өсуіне байланысты алаңдаушылық аясында баға мен сұраныс артты.

Қаңтарға арналған негізгі сценарий – бұл құлдырау емес, мәмілелер бойынша кідіріс: жақсы нысандарда баға ұсталып тұрады. Ал шамадан тыс бағаланғандарында саудаласу мен жеңіл түзетулер болады, – деп есептейді Лукьяненко.

Алдағы айлардың перспективасы туралы айта келе, сарапшы өсімді тежейтін факторларды атап өтті: жоғары базалық мөлшерлеме, қымбат ипотека және төлем қабілеті бар сұраныстың төмендеуі. Дегенмен, бағаның күрт төмендеуіне негіз жоқ екенін айтады.

Инфляцияны ескерген нақты бағаларда тоқырау немесе аздап түзету күткен орынды, ал номиналдағы теңгемен алғанда қала мен сегментке қарай плюс-минус бірнеше пайыз болуы мүмкін, – дейді ол.

Маманның сөзінше, ең күрделі жағдай мегаполистердегі бизнес және элиталық санаттағы шамадан тыс бағаланған жобаларда, сондай-ақ бұрын қолжетімді ипотеканың есебінен ұсталып тұрған эконом және комфорт сегменттерінде қалыптасып отыр. Экономикасы әлсіз өңірлерде сатып алушы көбіне айтарлықтай жеңілдіктер болғанда ғана табылады. Ал беделі күмәнді жобаларға қызығушылық айтарлықтай азайған.

2026 жылы сатып алушылар үшін басты бағдар ретінде Нина Лукьяненко бағаның өсуін қуалаудан бас тартып, нақты мәмілеге назар аударуға кеңес береді.

Формула қарапайым: біз жылды емес, нақты мәмілені сатып аламыз. 2026 жыл, үлкен ықтималдықпен, соңғы пәтерге талас емес, таңдау мен келіссөздер жылы болады. Ақшаны және құжаттарды алдын ала дайындап, асықпай тиімді ұсынысты іздеген дұрыс, – деп атап өтті ол.

Сарапшы қаржылық мүмкіндіктерді алдын ала бағалауға, ипотеканы бюджет шегінде алмауға, кемінде алты айлық төлемге жететін қаржылық қор ұстауға және құрылыс салушыны әрі мәміленің құқықтық жағын мұқият тексеруге кеңес береді.

Оның пікірінше, 2026 жылдың алғашқы жартысын нарықты бақылауға және дайындыққа арнап, тұрғын үйді нақты бір нысан бойынша шынымен тиімді жағдай қалыптасқанда сатып алған жөн.

Өзгелердің жаңалығы