2026 жыл Қазақстандағы қаржы жүйесі үшін жай ғана кезекті кезең емес, таңдау мен есептің жылы болғалы тұр. Пайыздық мөлшерлемелер саясаты, халықтың борыш жүктемесіне қатысты талаптардың қатаюы және мемлекеттік бағдарламалардың қайта пішімделуі – ипотека алғысы келетіндерге де, депозит ашуды жоспарлағандарға да жаңа есеп жүргізуді талап ететіні сөзсіз. BAQ.KZ тілшісі нарықты зерделеп көрді.
Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы жыл қаржылық тәртіп пен ұзақмерзімді жоспарды алға шығарады. Себебі пайыздық саясаттың бағыты, қарыз жүктемесіне қойылатын талаптардың күшеюі және мемлекеттік бағдарламалардың қайта қаралуы азаматтарды бұрынғыдан да байыппен шешім қабылдауға мәжбүрлейді.
Ипотека: мүмкіндік бар, бірақ талап күшейді
2026 жылы тұрғын үй нарығында негізгі тірек – мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар. Коммерциялық ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары деңгейде сақталуы ықтимал, сондықтан көпшілік үшін қолжетімді жол – субсидияланған өнімдер болмақ.
Бұл бағытта Отбасы банк арқылы ұсынылатын бағдарламалар негізгі рөл атқарады. «Наурыз», «Наурыз жұмыскер», «7-20-25», «Ұмай», «Жасыл ипотека» секілді бастамалар жалғасады деген болжам бар. Алайда банктер қарыз алушыны бағалауда бұрынғыдан да қатаң ұстанымға көшті. Енді шешім қабылдауда:
- ресми табыстың тұрақтылығы,
- жинақ жүргізу тәртібі,
- несие тарихының тазалығы
- шешуші факторға айналады.
Сондай-ақ ипотека шарттарындағы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қатысты талаптардың қатаюы банктерді қосымша төлемдер мен сақтандыру механизмдерін қайта қарауға итермелейді. Бұл, бір жағынан, ипотеканың жасырын шығындарын азайтып, шарттардың ашық болуына жол ашуы мүмкін.
Зейнетақы жинағы: бұрынғыдай қолжетімді бола ма?
2026 жылдан бастап БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегі өседі. Соның салдарынан зейнетақы жинағын баспана алу немесе емделу мақсатында пайдалана алатын азаматтар саны қысқаруы ықтимал.
Бұған қоса, зейнетақы қаражатын шешіп алу кезінде салық салу тәртібі де жаңаша есептеледі. Мамандар мұндай жағдайда азаматтарға тек жинаққа сенбей, қаржылық жоспарды алдын ала нақтылап алуға кеңес береді.
Автолизинг: автонесиеге балама іздегендер үшін
Алдағы жылы көлік сатып алуда автолизинг форматы жиі айтыла бастайды. Кейбір бағдарламалар төмен пайыз, икемді бастапқы жарна және ұзақ мерзім ұсынғанымен, басты айырмашылық өзгермейді: көлік толық өтелгенге дейін лизинг компаниясының меншігінде қалады.
Бұл тәсіл әсіресе:
- жас отбасыларға,
- алғаш рет көлік рәсімдегісі келетіндерге,
- ай сайынғы төлемді барынша азайтуды көздейтіндерге қолайлы болуы мүмкін.
Сонымен қатар сарапшылар лизинг шарттарында сақтандыру, айыппұл және техникалық қызмет көрсету талаптарына айрықша мән беруге шақырады.
Несие алу: «оңай қолжетімділік» дәуірі аяқталуда
2026 жылы кепілсіз тұтынушылық несиеге қатысты саясат айтарлықтай қатаңдайды. Қаржы реттеушілері басты назарды борыш жүктемесіне аударады.
Егер қарыз алушының:
- соңғы уақытта төлем кешіктіру фактілері болса,
- табысы тұрақсыз көрінсе,
- бірнеше несие міндеттемесі қатар жүрсе,
- жаңа қарыз алу мүмкіндігі едәуір төмендейді.
Банктердің стратегиясы да өзгеріп отыр: басты мақсат – несие көлемін ұлғайту емес, төлем қабілеті дәлелденген клиенттерді іріктеу.
Депозит: табыстан бұрын – сенімділік
2026 жылы депозит нарығында басты басымдық қауіпсіздікке ауысады. Инфляция мен валюта тәуекелін ескерген азаматтар теңгедегі жинақ депозиттерін жиі таңдай бастайды.
Маңызды жайт:
- теңгедегі жинақ депозиттері бойынша мемлекеттік кепілдік 20 млн теңгеге дейін сақталады;
- банктер депозит мөлшерлемесін нарық ахуалына қарай жиі қайта қарап отырады.
Сарапшылар ірі соманы бір қаржы ұйымына салмай, бірнеше банкке бөліп орналастыруды тәуекелді азайтудың тиімді жолы ретінде атайды.
2026 жыл кімге қолайлы?
Алдағы жыл:
- қаржысын алдын ала есептей алатын,
- шарттың әр тармағына мән беретін,
- қысқа уақытқа пайда емес, ұзақмерзімді тұрақтылықты көздейтін азаматтар үшін тиімді болатыны сөзсіз.
Ал тек ай сайынғы төлемге қарап шешім қабылдайтындар үшін тәуекел артады. Қаржы нарығы біртіндеп қатаң тәртіпке көшіп келеді, бұл үрдіс 2026 жылы айқын сезіледі.