Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2025 жылы Қазақстан қылмыспен күресте қандай нәтижеге жетті?

Бүгiн, 16:35
228
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

2025 жылы елімізде қылмыс деңгейі 9 пайызға азайып, елді-мекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмеді. BAQ.KZ тілшісі Ішкі істер министрлігінің биыл атқарған жұмыстарын қорытындылап көрді.

Мемлекет басшысы елімізде заң мен тәртіп қағидатын қатаң сақтау және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Осы бағытта Ішкі істер министрлігі жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп келеді.

Соңғы жылдары құқық қорғау органдары қызметін ұйымдастыру сапасы айтарлықтай жақсарып, заңнама кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатыр. Бұл тәжірибеге шетелдік әріптестердің қызығушылық танытуы – атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін көрсетеді.

Қазірдің өзінде бірқатар инновациялық жобалар қоғамға таныстырылып, нақты нәтижесін беруде.

Қылмыс – тек полицияның ғана емес, қоғамның ортақ мәселесі

Қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарына ғана жүктелетін міндет емес. Ол экономикалық, миграциялық, мәдени және демографиялық факторлармен тығыз байланысты болып отыр.

Талдау нәтижелері қылмыс жасағандардың 80 пайызы – жұмыссыздар, олардың үштен бірі – бұрын сотталғандар екенін көрсеткен. Ал адамға қарсы қылмыстардың 30 пайызы мас күйде жасалады, – дейді ІІМ.

Бұл деректер қылмыстың алдын алу үшін барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті қажет екенін дәлелдейді.

Жаңа тұжырымдама нені көздейді?

Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету» тұжырымдамасын әзірледі. Құжатта профилактика, әлеуметтік қолдау және азаматтардың қоғамдық жауапкершілігін арттыруға басымдық берілген.

Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар еліміздегі криминогендік жағдайдың тұрақталуына ықпал етуде. Тәуелсіздік жылдарында қылмыс деңгейі 49 пайызға төмендеп, кісі өлтіру саны 4,5 есеге азайды. Осы кезеңде халық саны 1,5 есеге артқанын ескерсек, мұндай нәтиже- ауқымды профилактикалық саясаттың жемісі, – деп жазады ведомство.

Нақты бағыт – нақты нәтиже

Қазіргі таңда кісі өлтіру, ұрлық, киберқылмыс пен интернет-алаяқтық, есірткі бизнесі, адам саудасы, экстремизм және түзеу мекемелеріндегі жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар іске асырылып жатыр.

Бұл бағдарламалардың басым бөлігі БҰҰ, ЕҚЫҰ және Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы сияқты беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.

2025 жылы да оң динамика сақталып отыр. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі 9 пайызға азайды, – делінген ІІМ хабарламасында.

2025 жыл – «Алдын алу» жылы болды

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында көшелердегі патрульдік күштер арттырылып, саябақтар мен тұрғын аулаларға ерекше назар аударылуда.

Қазіргі таңда ел аумағында 1,5 миллионнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Оның 500 мыңға жуығы Жедел басқару орталықтарына қосылған, – дейді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, осы камералардың көмегімен қылмыстардың 58 пайызы ашылып, 523 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін болды. Барлық облыс орталықтарында Жедел басқару орталықтары жұмыс істеп тұр, енді бұл жүйе аудандарға дейін енгізілуде.

2025 жыл Ішкі істер органдарында «Алдын алу жылы» деп жарияланды.

Бұл бастама аясында қоғамдық көмекшілер, студенттік жасақтар, ауылдық «Сақшы» және «Сарбаз» топтары белсенді тартылды. Олардың көмегімен 15 мың құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 307 қылмыс ашылған.

Елді мекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмеді

Халықпен кері байланыс та күшейтілді. Учаскелік инспекторлар мен басшылар мыңдаған кездесу өткізді. Соның нәтижесінде 498 ауылда ішімдіктен бас тарту бастамасы жүзеге асырылып, бұл елді мекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес

Терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы бөлімшелері 59 радикалды діни идеологияны ұстанушыны ұстады.

Жол қауіпсіздігі: статистиканың өзгеруі нені білдіреді?

Жол-көлік оқиғалары статистикасының өсуі 2024 жылғы маусымнан бастап ЖКО-ны есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты. Бұл Бас прокуратураның 2025 жылғы 3 маусымдағы хаты арқылы расталған.

Қазір денсаулыққа келтірілген зиян деңгейіне қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адам есепке алынады. Соған қарамастан, 2025 жылдың 11 айында жол апатынан қаза тапқандар саны 3 пайызға төмендеген.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі автопарк 2 миллионнан 5,5 миллионға дейін өсті. Бұған қоса, Қазақстан арқылы 3 миллион транзиттік автокөлік өтеді. Бұл жолдағы жүктемені арттырғанымен, қабылданып жатқан шаралар апаттылықты айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді ведомство.

Ішкі істер органдарының жұмысы тек жазалауға емес, алдын алу, құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Ал 2025 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері мен қол жеткізілген көрсеткіштер бұл саясаттың дұрыс бағытта екенін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы