Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Jibek joly телеарнасының "Уәде" бағдарламасына берген сұхбатында 2025 жылы "Елорда құрылыс" компаниясы таратылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрылыс компаниясының таратылуына себеп – қала әкімдігінің үлескерлер мәселесіне енді жауапты болмауы.
"Елорда құрылыс" компаниясы кезінде арнайы құрылған болса, келесі жылы біз оны таратамыз. 2025 жылдан бастап Үкімет бұл үлескерлер мәселесіне жауапты болмайды. Оған үлескерлер мен құрылыс компаниялары өздері жауапты болады. Мәселен, мен құрылыс компаниясымын, ал сіз қаланың тұрғынысыз. Сіз менен пәтерді сатып аласыз. Яғни, бұл – екеуіміздің қарым-қатынасымыз. Арамызда келісімшарт бар. Сол келісімшарт бойынша құрылыс компаниясы сізге 2 жылдың ішінде пәтерді табыстауға міндетті. Ал сіз 2 жылдың ішінде ақшасын төлейсіз. Бұл қарым-қатынаста мемлекет жоқ. Сондықтан болашақта мемлекет бұл мәселеге кіріспейді және ештеңе төлемейді, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.