2025 жылға жоспарымыз көп – Тоқаев

Бүгiн, 02:20
94
Бөлісу:
2025 жылға жоспарымыз көп – Тоқаев
Фото: -архив

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известия" газетінде жарияланған "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласында келесі жылға арналған жоспарларға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз. ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда жан аямай соғысты. Қазақстан армияны керек-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты. "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" деген сөз қазақстандықтар үшін жалаң ұран емес. Бұл ұғым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қайталанбас ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді, - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та қарқынды дамып келеді. Көпшілік көңілінен шығатын мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады.

Былтыр елімізде "орыс маусымы" деген атаумен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде "Абай" операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Сондай-ақ Ресейдің басты мұражайлары – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады. Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен "Болашақ ойындарына" қатысты. Ал, Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл – мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты жаңа форматта өрбіту маңызды екенінің белгісі. Біз осы игі дәстүрді жалғастырып, Ресей бастамасымен қолға алынған "Болашақ ойындарының" кезекті сайысын 2026 жылы Қазақстанда өткіземіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түскенін айтты.

Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз. Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар. Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар. Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді. Ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады. Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей көп полярлы әлем, бейбіт диалог, барлық мемлекеттердің егемендігін құрметтеу сынды идеяларды дәріптеп, халықаралық аренада өзара табысты қарым-қатынас жасап отырғанын атады.

Екі елдің жаһандық және аймақтық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы үндес. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы тығыз ықпалдастық – соның айқын дәлелі. Биыл шілде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Онда "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік" туралы декларация қабылданды. Бұл құжат ұйымның Еуразияда жаңа, біртұтас және бөлінбес қауіпсіздік архитектурасын құруға ықпал ете алатынын айғақтайды. Қазан айында Мәскеу қаласында ТМД-ға мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесі отырысының өткізілуі биылғы маңызды оқиғаның бірі болды. Басқосуда тараптар өзара тиімді әрі жан-жақты ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті, - деді Президент.

Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етіп отырғаны белгілі.

Астанада өтетін алдағы саммит аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайта түсетін басты оқиға болмақ. Еліміз ұжымдық қауіпсіздікті бейбіт жолмен қамтамасыз ету және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау жолында күш біріктіруді барынша қолдап отыр. Сондай-ақ БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өткім келеді. Бұл форум Владимир Владимирович Путиннің ерік-жігері мен абырой беделінің және әлем жұртының 45 пайызының мүддесін қорғайтын бірлестікке Ресейдің тиімді төрағалық етуінің арқасында өтті, - дейді Мемлекет басшысы.

Тоқаев келесі жылы да бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асырылуы азаматтардың игілігіне айналатынына сенімді.

Сөз соңында, биыл екі жақты қарым-қатынасымыз үшін жемісті жыл болды деп сеніммен айтуға болады. Сонымен бірге, 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Соның бәрі екі ел азаматтарының игілігіне айналады деп сенемін. Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Ал, Қазақстанға келер болсақ, біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз, - деп түйіндеді Президент.

Өзгелердің жаңалығы