2025 жылға қарай туризм саласында қанша жұмыс орны ашылады?

28 Ақпан 2022, 11:34
1857
Бөлісу:
2025 жылға қарай туризм саласында қанша жұмыс орны ашылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 2025 жылға қарай туризм саласында қанша жұмыс орны ашылатынын айтты.

Біз 2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында халықтың жұмыспен қамтылуына жол ашатын турбизнес қызметін жандандыру да осыған ықпал етеді, - дейді министр.

Айтуынша, бұл білікті кадрларға деген сұранысты арттыруға мүмкіндік береді.

2020 жылдан бастап Түркістан қаласында бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университеті жұмыс істейді. Онда 7 бағыт бойынша 1 300-ден астам студент оқиды. Университет 2021 жылғы желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымы (ЮНВТО) Бас Ассамблеясының аккредиттелген мүшесі болды. Түркия, Франция, Португалия, Австрия, Венгрия және басқа елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатылды, - деп айтты Дәурен Абаев «Үкімет сағатында».

Министрдің баяндауынша, Анталья Билим университетімен келісім аясында университеттің 33 үздік студенті былтыр Анталья қаласының жетекші қонақүйлерінде 4 ай оқып, тәжірибеден өтті.

Бүгінде университет дуалды білім беруді табысты жүзеге асыру арқылы халықаралық озық тәжірибе алмасатын салалық хабқа айналып келеді. Қазір университет жанынан ЮНВТО академиясын ашу, сондай-ақ, ЮНЕСКО ғылыми-зерттеу орталығын құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ университет базасында меймандостық саласы бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалын ашу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр, - деп толықтырды ол.

Өзгелердің жаңалығы