Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
2025 жылға дейін транзиттік тасымалды 30 млн тоннаға дейін жеткізуіміз керек. Осы мақсатқа жету үшін теміржол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Теміржол көлігі саласында «тар жерлерде» өткізу әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы 3 негізгі инфрақұрылымдық жобаға тоқталды.
Бірінші – «Достық-Мойынты». Бұл жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасы мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін, учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге дейін ұлғайтып, тасымал жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттырады. Екінші. «Дарбаза - Мақтаарал». Аталған жоба Орта Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар ол құны 93,6 млрд теңге болатын үшінші жобаға тоқталды.
Үшінші – «Алматы станциясының айналма теміржол желісі». Жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, - деп отыр министр.