2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдар 100% жөнделеді – министр

17 Мамыр 2022, 10:51
1272
Бөлісу:
2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдар 100% жөнделеді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. 

Оның ішінде 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Еліміздегі автожол саласының басты міндеттеріне тоқталсам. Ең алдымен, көлік-транзиттік әлеуетті арттыру. Екінші, өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету. 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 100%-ға, жергілікті желі жолдарының үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар министр көлік-транзиттік әлеуетті арттыру жөніндегі міндетті іске асыру сегіз көлік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі деп отыр. 

Бүгінде жалпы барлық дәліздер толық қуатта жұмыс істеуде. Жекелеген учаскелер бойынша өткізу қабілетін арттыру үшін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай». Көлік дәлізінің ұзындығы 2 мың 747 шақырымды құрайды. Аталған дәліз Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орта Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері қарай транзиттік ағынды қамтамасыз етеді, - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Белгілі болғандай, дәлізді толық реконструкциялау 2009-2017 жылдар аралығында жүргізілген екен. 

Өзгелердің жаңалығы