2025 жылдан бастап кедейлік шегінің мөлшерін есептеу әдістемесі енгізіледі. Бұл туралы Үкіметтің Мәжіліс депутаты Гаухар Танашеваға жолдаған ресми жауабында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов атап өткендей, бүгінде елімізде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және т.б. қамтитын балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың тұтас жүйесі жұмыс істейді.
Бұл ретте, әртүрлі өмірлік жағдайларда жәрдемақылардың 7 түрі төленеді - республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдердің 2 түрі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Ол мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінің негізінде қалыптастырылған. Карта арқылы әлеуметтік әл-ауқат деңгейі айқындалып, әрбір қазақстандық отбасының нақты «әлеуметтік портреті» қалыптастырылды, бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың көлемін нақтылауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының бастамасымен балалардың 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% аударымдары түрінде балалар капиталы енгізілді, - деп айтты Бектенов.
Үкімет басшысының жауабында айтылғандай, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеудің тетігі әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде уақтылы қолдау көрсетуге бағытталған.
Әлеуметтік кодекс аясында халықтың медиандық табысы негізінде кедейлік шегінің мөлшерін есептеу әдістемесін енгізу 2025 жылдан бастап жоспарланып отыр. Бұл шара табысы аз тұрғындарға әлеуметтік көмек мөлшеріне оң әсер етеді. Сондай-ақ бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдері қайта қаралып жатыр. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шығыстар көрсеткіштері негізінде атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде тиісті мемлекеттік органдармен кешенді шаралар әзірленіп жатыр, - деді ол.
Бүгінге еліміздің әлеуметтік саланы дамытуға арналған бюджеті 60 %-ды құрайды. 2023 жылы балалы отбасыларды қолдауға 1,3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға артық.
Осылайша мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелері жыл сайын өсіп келеді. Табысына қарамастан барлық отбасыларға бала туу кезінде, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге, мүгедек балаларды тәрбиелеуге, 4 және одан да көп 18 жасқа дейінгі балалары бар көп балалы отбасыларға және көп балалы аналарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Егер отбасы қиын өмірлік жағдайда болса, бұл төлемдерге қосымша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады, - делінген Үкімет басшысының ресми жауабында.
Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі 2000-шы жылдардан бастап туу көрсеткішінің өсуінен көрінді.