2024 жылы ЖОО-ға түсу үшін қанша балл жинау керек

31 Қаңтар 2024, 15:46
6213
Бөлісу:
2024 жылы ЖОО-ға түсу үшін қанша балл жинау керек
Фото: Арман Мухатов - архив

2024 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балл өзгеріссіз, кемінде 50 балл және ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл болып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Алайда, оқуға түсу үшін 50-ден астам балл жинау қажет дайындық бағыттары бар. Ең жоғары шекті балл – кемінде 75 балл «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру бағдарламаларына түсу үшін бекітілген. 

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша оқуға шешім қабылдаған талапкерлер ҰБТ-да кемінде 70 балл жинауы тиіс. Ал ұлттық жоғары оқу орындарына «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандығына түскісі келетіндерге кемінде 60 балл жинау қажет.

Сондай-ақ, талапкерлер әр жоғары оқу орны өзінің шекті балын қоя алатындығын да ескеру керек. Бұл құқық оларға төрт жыл бұрын академиялық еркіндік негізінде берілген еді. Мысалы, 80 балл жинаған талапкер математика мұғалімі мамандығына ұлттық жоо-ға түскісі келеді. Баршаға мәлім, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл кемінде 75 балл, ал ұлттық оқу орындарына – кемінде 65 балл. Оқушының жинаған ұпайы жетіп тұр. Алайда, таңдалған университетте оқушының оқығысы келген мамандыққа шекті балл 85-тен басталады. Демек, оқушыға шекті балын 80-ге дейін белгілеген университетті іздеу керек. Жоғары оқу орындарының шекті балы жақын арада ҰТО сайтында жарияланады, - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пән бойынша шекті балл – кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша шекті балл – кемінде 3 балл. 

Өзгелердің жаңалығы