Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев келесі жылы үйдің бағасы тағы қымбаттауы мүмкін деген болжам айтты.
Бүгінгі күні коммерциялық тұрғын үй мен мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасында айырмашылық бар? Ол қандай айырмашылық? Қайсысында жақсы, қайсысында нашар? Бүгін 2021 жыл. Осы жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салуға конкурс өтті. 2020 жылы бюджетке енгізілді. 2019 жылы жобаның құны тұжырымдалды. Енді осы 3 жыл ішінде құрылыс материалдарының бағасы өсті. Оған қоса, қызмет бағасы да көбейді, - дейді Ерғалиев.
Оның айтуынша, материалдардың бағасы жыл сайын 10-15%-ға өсіп отырады. Сәйкесінше, 2019 жылы бюджетке енгізілген бағалар қазір тиімсіз.
Құрылыстың арзандауына келсек, егер 2014-2015 жылдары ІІІ-IV класты тұрғын үй 1,5-2 мың долларға сатылса, қазір олар 750 долларға сатылып жатыр. Бүгінде барлық компания шығынның үстінде жұмыс істейді. Бұған құрылыс компаниялары кінәлі емес, себебі бүгін құрылыстың өзі 35%-40%-ға қымбаттаса, материалдар 60%-дан 90%-ға дейін өсті, - деп айтты ол.
Сарапшы алдағы уақытта бағаның өсуі тағы күтіліп отырғанын айтты.
Құрылыс 35%-40%-ға қымбаттап, ал шаршы метрдің құны небары 15%-ға өссе, онда ертең баға тағы көтеріледі. Коммерциялық тұрғын үй құрылысшылары бір уақытта бағаны көтере алмайды, олар оны кезең-кезеңімен өсіреді. 2022 жылдың көктемінде (наурыз-мамыр айларында) бағаның шамамен 20%-30%-ға өсуі мүмкін. Бұл тек биылғы жылдың талдауы ғана емес, бұл бүкіл құрылыс кезеңінің талдауы, - деп түсіндірді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Ол 2015 жылы девальвация болған кезде үй бағасы мен материалдар бірден қымбаттағанын айтты. Айтуынша, материалдардың шамамен 54%-ы елімізде шығарылса, қалған 46%-ы шетелден әкелінеді.