2022 жылы астаналықтарды оңалтуға 7,7 млрд теңге жұмсалған

1 Наурыз 2023, 11:28
735
Бөлісу:
2022 жылы астаналықтарды оңалтуға 7,7 млрд теңге жұмсалған
Фото: BAQ.KZ

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтердің ішіндегі басым бағыттардың бірі – оңалту шаралары. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Медициналық аппараттар саны, емдеу тәсілдері көбеюде. Қордың Астана қаласы бойынша филиалы 2022 жылы оңалту қызметтерін көрсететін 50 медицина ұйымымен келісімшарт жасады. Олардың: 25-і – жекеменшік, 22-сі – мемлекеттік, 3-еуі –республикалық медицина ұйым болды, - деп атап өтті филиал басшысы. 

Айтуынша, елордалықтарды оңалтуға 8 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталған. 

2022 жылы оңалту көмегіне 7,7 млрд теңге жұмсалды. 2023 жылы оңалту қызметіне бөлінген қаржы 9,2 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ медициналық көмекті сатып алу жоспарында амбулаториялық-емханалық жағдайдағы консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру көлемін бір жарым есеге арттыру, яғни 17,1 млрд теңгеден 27,9 млрд теңгеге дейін көбейту көзделген болатын. Консультативтік-диагностикалық қызмет көрсеткені үшін елорда медицина ұйымдарына былтыр 27,9 млрд теңге төленді. Консультативтік-диагностикалық қызметтер арасында әсіресе, КТ мен МРТ-ға деген сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Өткен жылы Астана бойынша жалпы сомасы 956,4 млн теңгені құрайтын 46 мыңнан астам МРТ түсірілген. 57 мыңнан астам КТ қызметіне Қор 724,7 млн. теңге бөлді. Сонымен қатар, 10 мыңнан аса позитронды-эмиссионды томография қызметіне 2,9 млрд теңгеден астам қаржы төленді, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров. 

Өзгелердің жаңалығы