2022 жылдың соңына қарай инфляция 13-15% деңгейінде болады - Ұлттық банк болжамы

16 Маусым 2022, 12:04
1368
Бөлісу:
2022 жылдың соңына қарай инфляция 13-15% деңгейінде болады - Ұлттық банк болжамы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 

Айтуынша, сыртқы және ішкі инфляциялық қысымның өсу жағдайында Ұлттық Банк 2021 жылдың ортасынан бастап дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуге кіріскен. 

Базалық мөлшерлемені жиынтығында 9,75%-ға дейін 75 базистік тармаққа үш рет көтерді. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, өткен жылғы қыркүйекте ең алдымен инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыруға бағытталған «2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін» іске асыруды бастады. Нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4%-ға дейін баяулады, - деп атап өтті Ғалымжан Пірматов. 

Сонымен қатар ол инфляцияға азық-түлік тауарларын да айналып өтпегеніне тоқталды. 

Инфляцияға азық-түлік тауарлары көптеп үлес қосты, олар жекелеген тұтыну нарықтарындағы теңгерімсіздік пен әлемдік азық-түлік бағаларының өсуі аясында жылдың қорытындысы бойынша 9,9%-ға өсті. Биылғы инфляциялық қысым геосаяси дағдарыс басталуынан күшейді. Одан кейін ақпан-наурызда теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі, сондай-ақ жоғары белгісіздіктің салдарынан шамадан тыс өскен тұтынушылық белсенділік орын алды. Оның салдарынан инфляция ақпандағы 8,7%-дан мамырда 14%-ға дейін өсті. Жылдық мәнде 19%-ға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі де біршама үлес қосып келеді, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Сондай-ақ ол биыл инфляция қандай деңгейде болатынына тоқталды. 

Ұлттық Банк 2022 жылдың соңында инфляцияның 13-15% деңгейінде болатынын болжап отыр. Болжам Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруын ескере отырып жасалды, - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Өзгелердің жаңалығы