2022 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

5 Сәуір 2022, 09:55
1331
Бөлісу:
2022 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3 078 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 90,1 мың этникалық қазақ оралды.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (66,3%) Өзбекстаннан, 11,3% – Қытайдан, 10,9% – Түрікменстаннан, 2,2% – Моңғолиядан және 9,3% басқа елдерден.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,2%), Маңғыстау (19%), Түркістан (11,4%) және Жамбыл (5,9%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (6,5%), Нұр-Сұлтан (7,1%) және Шымкент (7,6%) қалаларына қоныстанды.

Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 62,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,2%-ды және зейнеткерлер 14,1%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,5%-ы жоғары білімді, 39,6%-ы орта кәсіби білімді, 47%-ы жалпы орта білімді және 1,8%-ының білімі жоқ.

Өзгелердің жаңалығы