Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы Ұлттық спорт үздіктерін марапаттауға арналған "Алтын тұғыр" салтанатты кешінде айтты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" мақалаларында айтылғандай, маңызды шаруалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Себебі Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы біздің идеологиялық басты бағытымыз. Біз Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан нақты тапсырмаларын орындауды өзімізге үлкен міндет деп санаймыз - деді Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті өз сөзінде.
Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық спорт қауымдастығы осы бағыт бойынша елімізде Әлем чемпионатын, Азия чемпионаты ұйымдастырып, үлкен-үлкен шараларды өткізген.
Республикалық бірнеше фестиваль мен халықаралық конференциялар өтті. Сондықтан да 2019 жыл Ұлттық спорт саласы үшін табысты жыл болды деп айта аламын - деді Қайрат Сатыбалдыұлы.
Сонымен қатар ол қазіргі кезде әлемдік этноспорт қауымдастығында Қазақстанның өзіндік рөлі мен беделінің қалыптасқанын атап өтті.
Біздің елдегі этноспорттың даму динамикасы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Елімізде жүз мыңдаған адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Республиканың барлық өңірінде дерлік ұлттық спорт мектептері мен орталықтары жұмыс істейді. Бұрын ауыл арасындағы той мерекелерде ғана ойналатын ұлттық спортымыз бұл күнде халықаралық деңгейге көтеріліп, әлем назарын аудара бастауы, еліміздің тәуелсіздігінің арқасы. Бейбіт күніміздің жетістігі - деді ол.
Қайрат Сатыбалдыұлы өз сөзінде, Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсеткендей, еліміздің барлық жастағы азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту өте маңызды екеніне тоқталды.
Мен 2020 жылы Ұлттық спорт қауымдастығына жыл сайын өткізіліп жүрген республикалық, халықаралық жарыстардан басқа, Көкпардан Президент атындағы кубок, Аударыспақтан "Қазақстан қабыланы" халықаралық жарыстарын және Жамбы атудан, Теңге ілуден, Құсбегіліктен, Көкпардан әлем чемпионаттарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын! Осы аталған жарыстарда және келер жылы Ұлттық спорт түрлерінен Түркияда өтетін ІҮ Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына, Ат үстінде садақ атудан Оңтүстік Кореяда өтетін 16-шы Әлем чемпионатында біздің спортшыларымыз жүлделі орындардан көрінуге күш салуға тиіс деп ойлаймын - деді Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті.
Сонымен қатар Қайрат Сатыбалдыұлы 2021 жылы елімізде өтетін І Бүкәлемдік этноспорт ойындары жайлы да айтты.
Біздің алдымызда 2021 жылы елімізде өтетін І Бүкәлемдік этноспорт ойындарына даярлық жұмыстары тұр. Шын мәнінде жоғарыда аталған Дүниежүзілік жарыстардың барлығы 2021 жылы Қазақстанда өтетін І Бүкәлемдік этноспорт ойындарына даярлықтың бастамасы деп ойлаймын. 2021 жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жыл. Біз сол мерекелі сәтпен тұспа-тұс келетін І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Ұлттық спорт қауымдастығы жыл үздіктерін марапаттайтын дәстүрлі "Алтын тұғыр" салтанатты кешін өткізген болатын.