2020 жылы бірқатар ауылға жедел интернет тартылады – Қарағанды облысы

3 Ақпан 2020, 23:18
1458
Бөлісу:
2020 жылы бірқатар ауылға жедел интернет тартылады – Қарағанды облысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында сандық технологияларды енгізу мәселесі талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.

 

Цифрландыруды дамыту саласы 11 стратегиялық бағыт бойынша іс-қимыл алгоритмінен құралады және іс жүзінде барлық саланы қамтиды. Денсаулық сақтауда қағазсыз құжат айналымына толығымен көшті. Алғаш рет жасанды интеллект пен нейрожелілік негізінде суреттерді талдау жобасы іске асырылуда. 

Сандық жобаларды іске асыру онкологиялық дерттерді және туберкулезді ерте анықтауды арттыруға мүмкіндік берді. Білім беруде облыстың барлық мектептері бірыңғай ақпараттық жүйе кешеніне қосылған. ТКШ саласында жылумен қамтамасыз ету қызметтерінің сапасына мониторинг жүргізу жүйесі құрылды, - деді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов.

 

Сондай-ақ облыстың бес мектебінде "Азаматтың әлеуметтік картасы" пилоттық жобасы жүзеге асырылған. Өңірде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бойынша "Қауіпсіз қала" және "Қауіпсіз аула" жобалары енгізілген. "Қарағанды облысының мемлекеттік қызметтерін автоматтандыруға арналған Платформа" бірыңғай ақпараттық жүйесін құру да жоспарлануда екен.

 

Халықтың 20%-ы ауылда тұрады, сондықтан бұл үлкен қажеттілік. Цифрландыру – маңызды мәселе. Өңіріміздің одан әрі дамуы осыған байланысты. Осы бағыттағы жұмыстарды тездету қажет, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

 

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 170 елді мекен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Биыл Сандық Жібек жолын дамыту аясында тағы 30-дан астам елді мекенді қосу жоспарланып отыр. 53 ауыл мен кенттерде 4 буынды ұялы байланыс пайда болады.

 

Ағымдағы жылы біз 7 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. "Транстелеком" АҚ Қарағанды мен Жезқазғанда деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын жоспарлап отыр, - деп толықтырды Рустам Байжанов өз сөзінде.

 

Облыс әкімі құрылыс, көлік және ТКШ саласында цифрландыруды дамыту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар жиында өңірде өткен жылдың қараша айынан бастап қызмет көрсететін Senim109 Бірыңғай үйлестіру орталығының жұмысын жетілдіру қажет екені де айтылды.
Өзгелердің жаңалығы