Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тұрғындармен есептік кездесуінде өткен жылы Ақсудағы өндірістің қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5 пайызға өсті. Құстарды санамағанда барлық мал саны былтырғы көрсеткіштерден жоғары. Өңір егіншілері 100 мың тонна картоп және 57 мың тонна көкөніс алды. Ақсу аймағында 100 мың тонна көкөніс сақтайтын қоймалар бар. Былтыр олардың қатарына жеке кәсіпкер «Уванованың» 2 мың тоннаға арналған қоймасы салынды. 1 мың 600 гектар жаңа суармалы жерлер қосылды, - деді Нұржан Әшімбетов.
Жалпы, Ақсуда ауылшаруашылық саласында 6 жарым млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асты. Осы жылы қант және крахмал зауытымен бірге 7 ірі жоба қолға алынған.
Әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы өнімнің Ақсуда 10-ы өндіріледі.
Сондай-ақ өткен жылы Ақсу электр станциясымен 14,1 млрд кВт электр энергиясы өндіріліп, көрсеткіш 2,4 пайызға өсті.
Өндірістік кәсіпорындармен 440 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Негізгі капиталға 118,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 90 пайызы бюджеттен тыс қаражат, - деді қала әкімі.
Жалпы, 2020 жылы Ақсу аймағында кәсіпкерлердің 45 жобасына «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнес жол картасы» бойынша 2,8 млрд теңге қаражат бөлінді.