Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова "Ғылым ордасы" құрамына кіретін Орталық ғылыми кітапхана, Қазақстан ғылымы тарихы музейі, археология және табиғат музейлері, сондай-ақ Ғылыми архивтің әлеуметтік мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттардың айтуынша, еліміздің мәдени-ғылыми мұрасы сақталған бұл мекемелер қазіргі заман талабына сай инфрақұрылым мен техникалық базадан кенде, ал мамандардың төмен жалақысы білікті кадрлардың тапшылығына әкеліп отыр.
Бұл мекемеде 5,8 миллионнан астам бірегей басылым, XV-XVIII ғасырларға жататын 20 мың қолжазба және 900 мыңға жуық ғылыми кітап сақталған. Бұл – Қазақстанның зияткерлік қазынасы. Алайда ғимараттың климаттық жүйесі істен шыққан, қыста суық, жазда ылғалдылық жоғары. Мұның салдарынан тарихи кітаптар үгітіліп, түптері ажырап, жойылып барады. Бұған қоса, кітапхана қызметкерлері ең төменгі жалақы алады. 20 жылдық тәжірибесі бар кітапханашылардың еңбекақысы – 100 мың теңге. Елдегі басқа кітапханаларда жалақы кезең-кезеңімен өсіп жатқанымен, Орталық ғылыми кітапхана "Ғылым ордасы" құрамында болғандықтан, бұл өзгерістер оларға таралмай отыр, - дейді депутат.
Архивте Қазақстан тарихының маңызды құжаттары сақталған. Алайда мамандардың жетіспеуі мен жалақының төмендігі салдарынан құнды деректердің цифрландыру процесі баяу жүруде.
Күрделі жөндеуден өткеніне қарамастан, экспозицияны қайта құруға қаражат бөлінбеген. Заманауи жабдықтардың болмауы, цифрлық технологиялар мен сапалы экспонаттардың жеткіліксіздігі музейдің ғылыми-ағартушылық деңгейіне кері әсерін тигізіп отыр.
"Ғылым ордасы" кешенінің сақталуын қамтамасыз ету үшін Үкімет арнайы Жол картасын әзірлесін. Бұл құжат аясында ғылыми архив, музей және кітапхананың статусы ғылыми мекеме ретінде бекітіліп, олардың инфрақұрылымын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету шаралары енгізілуі қажет, - деп ұсынды Жұлдыз Сүлейменова бастаған депутаттар.
Оған қоса, Орталық ғылыми кітапхана, Ғылыми архив және Ғылыми мұражай қызметкерлерінің еңбегі ғылыми қызмет деп танылсын. Осыған байланысты олардың жалақысы, әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек жағдайлары ғылыми мекемелердің талаптарына сәйкестендірілуі тиіс. Сонымен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында сауықтыру жәрдемақылары мен басқа да төлемдер қарастырылуы қажет.
Орталық ғылыми кітапхана мен Ғылыми архив құжаттары толығымен цифрландырылсын. Бұл ұлттық ғылыми мұраның қолжетімділігін арттырып, оны сақтау процесін жүйелеуге мүмкіндік береді. "Ғылым ордасы" – тек мәдениет пен ғылым мәселесі ғана емес, бұл – еліміздің интеллектуалды мұрасын сақтау мәселесі. Мұны кейінге қалдыруға болмайды!, – деп мәлімдеді депутаттар.