20 мыңнан аса қызметкер қашықтан нәтижелі жұмыс істеді – Самұрық-Қазына

27 Тамыз 2020, 13:38
1214
Бөлісу:
20 мыңнан аса қызметкер қашықтан нәтижелі жұмыс істеді – Самұрық-Қазына

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры трансформациялау бағдарламасының арқасында пандемия кезінде қызметкерлерінің 84% ешқандай кедергісіз онлайн жұмысқа ауыстырған.


Бұл 2014 жылы басталып, 2019 жылы қайта жаңартылған бағдарламаның бір ғана нәтижесі. Бұл туралы бүгін Самұрық-Қазына қорындағы жаңа трансформация бағдарламасының нәтижелері туралы баяндаған Қордың Цифрландфыру және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев мәлім етті.

Жалпы, трансформациялау бағдарламасының негізгі мақсаты Қорға қарасты компаниялардың кірісін арттыру және қоржындық компаниялардың бизнес жағдайын жақсарту. Жаңартылған трансформациялау бағдарламасының цифрлық қауіпсіздік, өндіріс пен өнімділікті арттыру, адами капиталды дамыту сияқты бағыттары бар.

Жаңа трансформациялау бағдарламасы пандемия дағдарысы кезінде өзінің тұрақтылығын көрсетті. Бұл ретте, цифландырудың сәтті тәжірибесін мысалға алуға болады. Соның арқасында карантин кезінде біруақытта әкімшілік блоктағы 20 мыңнан аса қызметкер қашықтан жұмыс істеді. Бұл барлық қызметкерлердің 84% құрайды. Солай бола тұра, өндіріс пен нәтижеге ешқандай зардап келген жоқ. Керісінше, өндімділік пен нәтиже артты, - деп атап өтті трансформациялаудың нәтижелеріне тоқталған Дәурен Керейбаев.

Сонымен қатар, басқарушы директор хабарлағандай, кеше «Самұрық-Қазына» қорында модернизациялау туралы кеңес өткен. 

Сол кеңесте біз трансформациялау бағдарламасының аясын кеңейту туралы шешім қабылдадық. Бұрын трансформация бағдарламасына алты портфелдік компания кірсе, кешегі кеңестің нәтижесінде тағы да сегіз компания трансформациялау шеңберіне қостық, - дейді Керейбаев.

Бұдан өзге, енді трансформацияның мақсатына қарай, жобаларды іріктеу жолы да қайта қаралған. 

Трансформация мақсатына қарай, жобаларды іріктеу жолдарын қайта қарадық. Жобаларды іріктеуде ең алдымен басқару және өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталады. Біз қандай да бір компанияның пайдасын салыстырмалы жолмен санаудан, нақты қаржылай пайданы санау жолына ауыстық, - дейді ол.

Осылайша, Керейбаев хабарлағандай, компанияның әрбір жобасы нақты пайда әкеледі. Ол қаржылай немесе қаржылай емес пайда болуы мүмкін. 

Мәселен, 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін трансформацияның арқасында 130 млрд теңге таза пайда табуға тырысамыз. Трансформация – бұл қоржындық компаниялардың бизнесін жақсартуға бағытталған тұрақты процесс, - деп атап өтті.

Бұл мақсаттардан басқа, өзге де халықаралық компаниялар сияқты «Самұрық-Қазына» қоры да үнемі бизнес-процестерді жақсартуға тырысады. Қазірдің өзінде компанияның қоржындық компаниялары елуге жуық жаңа идея мен бастамаларды қарап жатыр. Сөз соңында Дәурен Керейбаев қордағы трансформацияның маңызды бір бағыты – IT блокты оңтайландыру жұмысына тоқталды. 

Біз IT блокты үнемі оңтайландырып отырамыз. Соның нәтижесінде, 2018-2019 жылдары Қордың және оған қарасты компаниялардың IT мамандары жалпы сомасы 63 млрд теңгені оңтайландыратын жұмыс атқарды. Қордың жұмысы технологияға байланысты болған соң, IT қауіпсіздік де маңызды. 2019 жылы Қордың компанияларына ортақ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылды. Осы арқылы 1 млрд теңге үнемделді,- деп хабарлады ол.
IT блоктың жұмысын жақсарту арқылы қорға қарасты «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай өңдеу зауыттарының үш жылғы жөнде жұмысы жасалып, теміржол тасымалындағы құжаттардың 90% астамы онлайн форматқа ауысқан. Ал, жүк тасымалдаушылар үшін құжатты рәсімдеу уақыты 15 есеге, яғни, 11 сағаттан 5 минутқа дейін, ал, өтініш беру мерзімі екі күннен бір сағатқа дейін қысқарған. Қор трансформациялаудың осындай нәтижелерін көрген соң,бағдарламаны үнемі жетілдіріп отырмақ.

 

 

Өзгелердің жаңалығы