Қазақстанның соңғы жаңалықтары

20 баланы ұшақ апатынан құтқарып қалған мұғалім қайтыс болды

24 Шілде 2025, 16:51
14301
Бөлісу:
 Getty Images
PHOTO
Фото: Getty Images

Бангладеш астанасы Даккада болған әскери ұшақ апаты кезінде бастауыш сынып мұғалімі Махрин Чоудхури 20-25 баланы жалыннан аман алып шығып, өзі көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.

2024 жылғы 21 шілдеде түскі уақытта F7 жойғыш ұшағы жаттығу кезінде техникалық ақауға байланысты Даккадағы Milestone мектебі орналасқан ғимаратқа құлаған. Апаттан кейін өрт шыққан.

20 баланы ұшақ апатынан құтқарып қалған мұғалім қайтыс болды
Фото: Getty Images

Мұғалім Махрин Чоудхури апат сәтінде балаларды ата-анасына табыстауға дайындалып тұрған. Ұшақ соғылғанын көріп, ол қайтадан ғимаратқа жүгіріп кіріп, отқа оранған сыныптардан оқушыларды құтқаруға тырысқан.

Мен шамам келгенше 20-25 баланы алып шықтым, – деген ол күйеуі Мансур Хелалға, оны жасанды тыныс алу аппаратына қоспас бұрын. 

Кейін ол 100%-ға жуық күйік алып, жан сақтау бөлімінде қайтыс болды.

Бұл апатта кемінде 31 адам қаза тапты, оның 25-і – балалар. 160-тан астам адам түрлі жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алғандардың басым бөлігі – 10-15 жас аралығындағы балалар. Олар реактив отынның әсерінен күйік шалған.

20 баланы ұшақ апатынан құтқарып қалған мұғалім қайтыс болды
Фото: Getty Images

Махрин Чоудхури Milestone мектебінде 17 жыл жұмыс істеген. Алдымен мұғалім болып бастаса, кейін екінші-бесінші сыныптарға арналған бенгал тілі бөлімінің үйлестірушісі болған. Ол туған өлкесі – Нилпхамари аймағында жерленді.

Бангладеш билігі оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Ал апаттан кейін келесі күні Даккада жүздеген студент көшеге шығып, биліктен құрбандар тізімін жариялауды, отставкаларды және ескі ұшақтарды пайдалануды доғаруды талап етті. Полиция наразыларға қарсы көз жасаурататын газ қолданып, қақтығыс кезінде ондаған адам жарақаттанды.

20 баланы ұшақ апатынан құтқарып қалған мұғалім қайтыс болды
Фото: Getty Images

Айта кетейік, бұл – Бангладештегі соңғы ондаған жылдағы ең ірі әскери авиаапат. Апат Үндістанда болған жаппай әуе апатынан (260 адам қаза тапқан) бірнеше аптадан кейін тіркеліп отыр.

Еске сала кетейік, Бангладеш астанасы Даккада әскери-оқу ұшағы мектеп қалашығына құлап, апат болғаны туралы жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы