Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан территориясының басым бөлігі циклонның әсерінде болғандықтан, дүйсенбіде кей жерде қар жауады, деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.
Тек солтүстікте және шығыста жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республиканың кей жерінде – тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын, желдің күшеюі сақталады.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, түнде және таңертең Ақмола облысының кей жерінде тұман, күндіз Қарағанды облысының кей жерінде көктайғақ болуы ықтимал, Шығыс Қазақстан облысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Қостанай облысының кей жерінде тұман түседі, таңертең және күндіз кей жерінде көктайғақ, жаяу бурқасын, жел 18 м/с күшейеді.
Түркістан, Алматы облыстарының кей жерінде тұман күтіледі, Түркістан облысының кей жерінде, Алматы облысының Алакөл ауданында жел тұрып, 15-22 м/с күшейеді.
Жамбыл, Қызылорда облыстарының кей жерінде тұман, көктайғақ, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетуі мүмкін.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерінде тұман түседі, көктайғақ, Ақтөбе облысының кей жерінде жаяу бұрқасын болуы ықтимал, күндіз Маңғыстау облысының кей жерінде жел 18 м/с күшейеді.