Қазақстанда жұмыс берушілердің мамандарға деген сұранысы артып келеді. Тамыз айында Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында 131,6 мың бос жұмыс орны жарияланған. Олардың арасында жалақысы 2 млн теңгеден асатын ұсыныстар да бар. Ең жоғары еңбекақы тау-кен өндірісі мен киберқауіпсіздік саласындағы мамандарға ұсынылған.
Бір айда 131 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды
Тамызда жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарының саны шілдемен салыстырғанда 25,8%-ға өсіп, 131,6 мыңға жеткен. Осы кезеңде жұмыс іздеушілер 145,2 мың түйіндеме орналастырды. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 2,8%-ға жоғары.
Осылайша, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық айтарлықтай қысқарған. Шілдеде бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы айырмашылық 36,6 мың болса, тамызда 13,6 мыңға дейін азайды.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Электрондық еңбек биржасында 840,6 мың бос жұмыс орны және 1 млн 22,4 мың түйіндеме жарияланған.
Қай салаларда мамандарға сұраныс жоғары?
Тамыз айында кадрларға ең жоғары сұраныс білім беру саласында байқалды. Бұл бағытта 61 мың бос жұмыс орны жарияланған. Мұндай көрсеткіш жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарында мамандарға деген қажеттіліктің артуымен байланысты.
Бұдан бөлек, қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ құрылыс салаларында да жұмыс күші жоғары сұранысқа ие.
Өңірлер арасында бос жұмыс орындарының ең көбі Астана мен Алматы қалаларында жарияланған – әрқайсысында шамамен 10 мыңнан.
Жұмыс берушілерге әсіресе білікті кадрлар қажет. Тамызда жарияланған вакансиялардың 46,6%-ы жоғары білікті мамандарға арналған. Орта білікті мамандарға бос жұмыс орындарының 33,1%-ы, ал төмен білікті жұмысшыларға 20,3%-ы тиесілі.
Жұмыс іздеушілердің біліктілік деңгейі де осы құрылымға жақын. Түйіндемелердің 46,5%-ын жоғары білікті, 35,5%-ын орта білікті, 18%-ын төмен білікті мамандар орналастырған.
2 млн теңгеден жоғары жалақы кімдерге ұсынылды?
Тамызда Enbek.kz порталында айына 1 млн теңгеден жоғары жалақы қарастырылған бірқатар бос жұмыс орны жарияланған.
Ең жоғары жалақы ұсыныстарының бірі тау-кен өндірісіндегі ауысым бастығына тиесілі – шамамен 2,06 млн теңге. Киберқауіпсіздік маманына 2 млн теңгеге дейін, ал кеніш директорына шамамен 1,63 млн теңге жалақы ұсынылған.
Жұмыс іздеушілердің арасында да жоғары жалақы күтетін мамандар бар. Мәселен, әкімшілік бөлім басшылары шамамен 2,02 млн теңге көлемінде еңбекақы алғысы келетінін көрсеткен. Жаңа өнімдерді әзірлеу жобаларының жетекшілері – 1,84 млн теңге, ал сату жөніндегі шеберлер 1,75 млн теңге шамасында жалақы көрсеткен.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – жастар
Enbek.kz-те жұмыс іздеп жүрген азаматтардың арасында 35 жасқа дейінгілер басым. 35-44 жастағы азаматтардың үлесі – 25,8%, 45-54 жастағылар – 14,6%, ал 55 жастан асқандар – 6,7%.
Түйіндеме орналастырғандардың басым бөлігі әйелдер. Олардың үлесі 60,6%-ды құраса, ерлердің үлесі – 39,4%.
Электрондық еңбек биржасының деректері елдегі еңбек нарығында білікті мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе білім беру саласында бос жұмыс орындары көп болғанымен, ең жоғары жалақы тау-кен өндірісі мен киберқауіпсіздік бағытындағы жекелеген мамандарға ұсынылып отыр.