Қостанай облысында 2,5 мың жылқының қозғалысы GPS жүйесімен бақыланады

22 Мамыр 2019, 12:22
2481
Бөлісу:
Қостанай облысында 2,5 мың жылқының қозғалысы GPS жүйесімен бақыланады

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Астықты өңірде 2,5 мың басқа жуық жылқы GPS жүйесі арқылы бағылады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет мәлімдеді.

Басқарма 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында екі жобаны іске қосқан болатын: «Электронды эпизоотиялық карта» және «Жылқыларды чиптеу». Басшы орынбасары осы жобалар жөнінде айтып өтті. 

«Жылқылардың қозғалысын қадағалауға арналған GPS жүйесімен жабдықтау жобасын жалғастырамыз. Биыл 50 жылқыға орнату арқылы 2,5 мыңға жуық мал басын қамтимыз. Бұл технология шаруашылықтарға, жеке тұлғаларға жылқының тұрған орнын цифрлық жүйе көмегімен қадағалуға мүмкіндігін береді, мал ұрлығы мен жоғалудың алдын алады», - деді Бауыржан Бекет.

Қостанай облысында 2,5 мың жылқының қозғалысы GPS жүйесімен бақыланады

Фото: автордан

Оның айтуынша, облыста ІҚМ бруцеллезінің таралу көрсеткіші жыл сайын төмендеп, 2014 жылы 1% болса, 2018 жылы 0,49% жеткен. Яғни, екі есе азайған. 

«Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір тетігі – мал өлекселерін дер кезінде жою. Бүгінгі таңда облысымызда 26 арнайы пеш жұмыс істеп тұр. Олардың жұмысын жүргізу үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. 2018 жылы осы инсинераторларда 9700-ге тарта мал өлексесі, 69 тонна басқа да биоқалдықтар өртелді», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, ол өңірде эпизоотиялық жағдай қалыпты екеніне тоқталып, мал басының өсімін энзоотиялық дәрі-дәрмектерді тиімді қолдану нәтижесімен байланыстырды. Келтірілген деректерге сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде жылқы малының 20% немесе 23 мың басқа көбейгені тіркелген. 

Өзгелердің жаңалығы