ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандасымызды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді. 2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгені құраған.
Тергеу жалғасуда, онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды, сондай-ақ «Mercedes-Maybach S500» және «Lamborghini Huracan» автокөліктері тәркіленді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді. Сондай-ақ Агенттіктің «АФМ Insider» телеграм-ботына экономикалық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлауыңызға болатынын естеріңізге саламыз, - деді ҚР ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.