1992 жылдан бері Мемлекеттік рәміздерге қандай өзгеріс енгізілді?

4 Маусым 2021, 15:17
1819
Бөлісу:
1992 жылдан бері Мемлекеттік рәміздерге қандай өзгеріс енгізілді?
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, профессор Алтын Уалтаева «Тәуелсіздік рәміздері» тақырыбында өткен жиында мемлекеттік рәміздерге қандай өзгерістер енгізілгені туралы айтып берді.

Мемлекеттік рәміздер ішінде Ту ғана бекітілген 1992 жылдан бері өзгерген жоқ. Ал, Елтаңба 2018 жылдың 1 қарашасында өзгертілді. Атап айтқанда оның астындағы Қазақстан деген жазу латын әрпімен қайта жазылды. Сондай-ақ, 2006 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» атты шығармасына еліміздің мемлекеттік гимні мәртебесі берілді. Оның сөзіне Елбасы өзгеріс енгізгенін білеміз,-дейді ол.

Оның айтуынша, кез келген Тәуелсіз елдің Елтаңбасы, Әнұраны, Туы және ана тілі болу керек. Бізде оның бәрі бар және оны мақтан тұтуымыз қажет.

Сонымен қатар ол 2020 жылы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілгенін айтты.

2020 жылға дейін ҚР-ның туы мемлекеттік мекемелерде ғана қолданылып келді. Қазір оны заңды және жеке тұлғалар да қолдана алады. Тіптен, үйіңіздің балконына немесе жұмыс бөлмеңізге іліп қойсаңыз болады. Бірақ оны қоюдың өзіндік стандарты бар. Яғни, үшбұрышты етіп қойылу керек және қай жерде болмасын оның етегі жерге тимеу қажет. Бұл отандастарымыздың азаматтық парызы. Оған қоса, мемлекеттік Ту бір адамға бола төмен түсірілмеуі керек,-дейді Алтын Уалтаева.

Сонымен қатар ол 2020 жылға дейін елімізде туды шығарумен айналысатын 57 мекеме болса, қазір олардың саны едәуір азайғанын айтты.

Қазір мемлекеттік Туды ресми түрде шығаратын 26 мекеме қалды, тағы 26 мекеменің қызметі қаралуда, ал 7 мекеме лицензиясынан айырылып, оларға Туды шығаруға тыйым салынды. Өйткені оларда қажетті жабдықтар мен рұқсат құжаттары болмады,-дейді ол.



Өзгелердің жаңалығы