1858 жылы Шоқанмен бірге Қашқарияға барған семейлік көпес кім?

2 Наурыз 2023, 12:48
1619
Бөлісу:
1858 жылы Шоқанмен бірге Қашқарияға барған семейлік көпес кім?
PHOTO
Фото: автордан

Семейде қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановпен бірге 1858 жылы Қашқарияға барған көпес Мир-Құрбан Аюповтың тұрған үйі табылды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

 Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, этнограф бұл шаңырақта бірнеше мәрте қонақ болған. Орыс жазушысы Федор Достаевскиймен бірге келіп жүрген. Тіпті, географ қауіпті де даңқты сапар кезінде жамылған Әлімбай лақап атын беру идеясы дәл осы үйде туған деген болжам бар.

Сауда жүргізудегі қайсарлығына орай халық Бұқаш деп атаған көпестің екі қабатты, алты бөлмелі, 11 терезелі үйі Абай мен Ғабдолла Тоқай көшелерінің қиылысында орналасқан. Ғимарат мемлекет тарапынан қорғалатын ескерткіштер тізіміне алынбаса да, тамаша сақталған.

1858 жылы Шоқанмен бірге Қашқарияға барған семейлік көпес кім?

«Бұқаш Шоқан Уәлиханов Қашқарияға барғанда оған 10 ай, 14 күн серік болған. Керуенді жабдықтауға зор үлес қосқан. Керуенде 6 киіз үй, 101 түйе, 65 ат және құны 18 545  күміс сомдық тауар болғанын саяхатшының өзі де есебінде жазған. Көпестің Семейде екі үйі мен дүкені болған. Үйінің бірі ағаштан, екіншісі қызыл кірпіштен салынған» дейді тоқсан жасқа аяқ басқан қария, өлкетанушы Шафкат Файзуллин.

1858 жылы Шоқанмен бірге Қашқарияға барған семейлік көпес кім?

Семейлік өлкетанушылар мен тарихшылар Шоқан Қашқарға барғанда жамылған лақап ат Әлімбай есімінің берілуіне Бұқаштың қатысы болуын жоққа шығармайды. Себебі, көпес Қашқардан келетін саудагерлердің бәрін дерлік жақсы білген. «Мир-Құрбан Аюпов - 19 ғасырдағы Семейдің көрнекті тұлғаларының бірі. Үлкен саудагер. Қоғамдық істерге мол араласқан адам. Қазақ пен татар оны Бұқаша, Бұқаш деп атаған. Ел Бұқаш атымен білген. Архаттың ішінде алған жері болған. Кейін жергілікті халықпен қайшылық болған соң тастап шыққан» дейді тарихшы Мұхтарбек Кәрімов.

Жер демекші, Бұқаш көпес Шоқанмен бірге қауіпті саяхатқа барғаны үшін патшадан марапат алған. Марапатқа ғалымның өзі ұсынған. «Ол патшадан 600 рубль күміс алған. Хорунжий шенін берген. Абай ауданы аумағынан мың десятина жер кескен. Генерал губернатор Гасфорт пен Федор Достаевский онымен кездескенін жазған. Бәкене бойлы, арық келген, сақалды адам болған делінеді. Шынын айтқанда, бұл адам туралы дерек аз» дейді жергілікті өлкетанушы Марат Сасанов.

Ал семейлік археолог Айдын Жүнісханов «Мир Құрбан тамаша жан ғой. Ташкенттен арнайы келген. Мешіт салған. Мешітінің бір бөлмесінде пайғамбардың бір тал сақалы болған. Оны ерекше ұстаған деп жазады Құрбанғали Халиди. Сол бір тал сақалдың Семейге келу тарихы өз алдына жеке бір әңгіме» деп тың деректі алға тартты.   

Мир-Құрбан Аюповтың қай жылы туғаны, қай жылы дүниеден өткені жайында мәлімет жоқ. Тұлға туралы дерек аз болғанымен оның өміріне қызығушылар көп. Мәселен, 2016 жылы семейлік өлкетанушылар арнайы ұйымдастырған экспедиция барысында көпестің тұрған қыстағы табылды. Қыстақ орнынан ерекше жәдігер - Қашқар монетасы шығыпты. Есімі елге беймәлім болған көпеске қатысты тағы бір дерек, Семейдегі қазіргі Ғабдолла Тоқай көшесі оған дейін Мир-Құрбан Аюпов көшесі деп аталған.

Өзгелердің жаңалығы