Қазақстанда Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы ауқымды көлемде тойланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерейтойдың негізгі шаралары бүгін ақынның туған жері – Абай ауданындағы Жидебай қорығы мен Қарауыл ауылында өтіп жатыр. Бұл киелі өлке ұлы ақын мен ойшылдың өмірімен тығыз байланысты.
Той өте жақсы, көңілді өтіп жатыр. Қонақтарды қарсы алуы, тігілген қазақ үйлер бәрі жақсы үйлестірілген. Келген қонақтардың қарасы өте көп. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, - дейді тойға келген қонақтар.
Мерекені тойлауға барғандардың арасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бар. Ведомство басшысы Абайдың ғылым әлемінде алатын орнына тоқталды.
Біз былтырдан бері жоғары оқу орындарындағы барлық оқыту, тәрбиелеу бағдарламасын Абайдың «Толық адам» ілімімен байланыстырып әзірледік. Өте қызықты бағдарлама. Қазір біздің әр университетте аталған әдістемеге жауап беретін адамдар бар. Абай мұрасы өлмейді, - деп ағынан жарылды министр Саясат Нұрбек.
Айта кетерлігі, Абайдың 180 жылдық мерейтойы құрметіне 180 киіз үй тігілген.
Сондай-ақ «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмды дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады.