Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында 341 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Биыл олардың тең жартсы баспанамен қамтылмақ. Әкімдіктің кезекті отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов осындай мәлімдеме жасады.
Күн тәртібінде Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселесі шығарылды. Басты бағыт – көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға материалдық қолдау көрсету. Бүгінгі күнге дейін баспана кезегіне тіркелген отбасылар жайында толық мәлімет жиналады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов көп балалы отбасыларға 2-3 пайызбен берілетін ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 10 пайызы жергілікті бюджет есебінен төленетіндігін жеткізді.
«Биыл 226 пәтерлік 3 үйдің құрылысын аяқтаймыз. Бір жылда кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың елу пайызын баспанамен қамтамасыз етеміз. Жергілікті аудан басшылары әр жанұямен жұмыс істеп, баспанаға шын мәнінде зәру отбасыларды анықтасын», - деді Құмар Іргебайұлы.
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасылар саны 2 115 ден 3 225-ке дейін ұлғаймақ. Бұған республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінбек. Әр сәбиге ай сайын төленетін қаржы мөлшері 20 мың теңгеге дейін өсті. Өңірде 6 700 бала осы көмекке ие болмақ. Мүгедек бала асырап отырған 2 мың отбасы үшін ай сайынғы жәрдемақы 30 пайызға, яғни 31 мыңнан 41 мың теңге дейін көтерілмек.