165 автокөлік рәсімдетіп, шетелге шығарған: Ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты

Қылмыстық топ азаматтарды автонесие рәсімдеуге көндіріп, миллиондаған теңге уәде еткен. Салдарынан 100-ден астам адам зардап шекті.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 4 Тамыз 2026, 13:45
4 Тамыз 2026, 13:45
123
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Астана қаласында қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушыларына қатысты айыптау үкімі шығарылды.
 
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адамның болғаны және олардың әрқайсысының өзара нақты бөлінген міндеттері болғаны анықталды. Топ мүшелері азаматтарды 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар, несие бойынша міндеттемелерді өздері өтейтіндерін уәде еткен. Алынған автокөліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығарылған.
 
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 автокөлік рәсімделген.

Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, - деп хабарлады ведомство.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада екі көлікті алаяқтықпен иемденген автосалон менеджері сотталғаны хабарланды.

Сонымен қатар, ІІМ жүк тасымалындағы алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті. Олар WhatsApp арқылы байланысып, өздерін жүргізуші, жүк иесі немесе тасымалды ұйымдастырушы ретінде таныстырады.

Наверх