Қазақстанда 16 мыңнан астам сертификатталмаған пиротехника тәркіленді , деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында республикада “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның мақсаты – жаңа жылдық мереке қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау.
Осы күндері полицейлер мен ТЖД қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалардың айналымына және оның қауіпсіздік ережелерін сақтауына қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Мәселен, пиротехникалық бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін 842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ӘҚБтК-нің 196-бабы (Заңсыз сауда) бойынша – 829, ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша (Бөлінбеген орындарда қолдану) – 11, ӘҚБтК-нің 483-бабы бойынша (Сақтау және тасымалдау тәртібін бұзу) – 2 адам.
Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында отшашуды қолдану кезінде күйік алудың 15 фактісі тіркелді, оның ішінде зардап шеккен 6 кәмелетке толмаған бала бар. Мысалы, елордада 1 қаңтарда түнде үйдің ауласында ер адам екі кәмелетке толмаған баласымен бірге отшашуды қолданған кезде ерні мен қолына термиялық күйік алған.
Тағы бір оқиға Астанада Нәжімеденов көшесінде болды. Пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан балкон өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Пәтер иесі полицияға жүгінбеді. ЖПІШ өткізу кезеңінде барлығы 16 400 бірлік сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді.