Үкімет отырысынан соң өткен брифингте Үкімет басшысы Олжас Бектеновке алаяқтарға қатысты сауал қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алаяқтар ертең қоңырау шалуды тоқтатады деп нақты айта алмаймын. Жалпы алаяқтардың 67 миллион қоңырауы азаматтарға жіберілмеді, - деді ол.
Бектенов 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегіне қатысты ақпаратқа былай деп түсініктеме берді:
Жеке деректердің таралуына қатысты айтар болсам, иә тарап кету дерегі бар. Қазір қажетті органдар тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр және қылмыстық іс бойынша тергеу басталды. Бұл деректер 2022 жылғы, яғни сол жылы тарап кеткен. Әрине, мұндай фактілердің болуы ешкімге, оның ішінде Үкіметке де абырой әпермейді. Бірақ тексеру органдарының алдын ала қорытындыларына сәйкес, бұл деректер, ең алдымен, медициналық ұйымдардан сыртқа шыққан болуы мүмкін. Яғни олар мемлекеттік деректер базасына қол жеткізгенімен, оның сақталуын қамтамасыз етпеген. Бұл бойынша заңмен белгіленген жауапкершілік бар. Қауіптер күшейіп келе жатқан жағдайда біз заңнамалық әрі жедел шаралар қабылдаймыз, - дейді Олжас Абайұлы.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.