16%, 10%, 0%: Сарапшы жаңа салық реформасының мәнін түсіндірді

13 Ақпан 2025, 17:40
682
Бөлісу:
16%, 10%, 0%: Сарапшы жаңа салық реформасының мәнін түсіндірді
Фото: Экономикалық зерттеу институты

"Экономикалық зерттеу институты" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерділдә Таутенов қосымша құн салығы мөлшерлемесін арттыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, Үкімет қосымша құн салығы мөлшерін 16% деп бекітуді және бірқатар саланы 10% мен 0% мөлшерінде саралауды ұсынды.

Мөлшерлемені көтеру бағаның қымбаттауы мен инфляцияға алып келетіні баршамызға мәлім. Сондықтан сараланған мөлшерлеме ұсынудың себебі халыққа зиян тигізбеу деп ойлаймын. Өйткені үкімет жиі пайдаланатын тұтынушылық тауарларға, азық-түлікке әсері көп болмайтындай етіп, қазіргі 12 пайыздан да төмендетіп, 10 пайыз белгілеуді ұсынып отыр, - деп айтты сарапшы.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде ауылшаруашылығы, тамақ өндірісі сияқты салаларға жеңілдіктер бар. Сол себепті Таутенов тұрғындар күнделікті пайдаланатын тауарларға жеңілдік болуы керек деп ойлайды.

Дүкен мен дүңгіршіктердің жағдайына келсек, аталған кәсіп түрлері қазір де бөлшек сауда бойынша арнайы орнатылған салық режиміне сай төлейді. Ол арнайы режимде 364 сала қарастырылған. Үкіметтің соңғы отырысында салалар тізімін қысқарту ұсынылды. Дегенмен қысқартылған тізімнің өзінде де тұтынушылармен тікелей жұмыс істейтін салалар жұмысы жаңа реформа аясында өзгертілмейді. Олар 4 пайыздық салықпен өзгеріссіз қалады, - деп түсіндірді сарапшы.

Ол атап өткендей, бөлшек салық режимі бұған дейін де болған. Ұсынылған реформада бұл ереже сақталады, бірақ оған қатысты сала саны қысқарады.

Бұл 2021 жылы пандемия кезінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынған сипатына сай халықпен тікелей жұмыс істейтін салаларға ғана қатысты болып қалғаны абзал. Өкінішке қарай 2022-2023 жылдары арнайы режимге қарасты салалар кеңейтіліп, өндіріс, қызмет көрсету сияқты өзге де салалар кіріп, салықтан заңды түрде жалтару белең алды. Қазір шаруа қожалықтары салықтан босатылған, ал ірі кәсіпорындар белгіленген мөлшердің 30 пайызын ғана төлейді. Алда оларды да салықтан босату мәселеі қарастырылмақ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ауыл шаруашылығынан түсетін ҚҚС 60 миллиард теңгені құрайды, демек осы көлемдегі қаражат бюджетке түспей қалады, - дейді Ерділдә Таутенов.

Оның пікірінше, егер жалпы салық мөлшерін қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға көтерсе, басқа салалар арқылы өндіруге болады.

Экономикалық зерттеулер институты да осы мәселе бойынша өз есептеулерін жүргізіп жатыр. Есебімізге сәйкес, мөлшерлемені 16 пайызға дейін көтерген жағдайда 2,5-3 триллион теңге шамасында қаражат түсуі мүмкін. Қазір нақты сан немесе болжам айту қиын. Депутаттар, бизнес өкілдері мен азаматтық қоғам өкілдері өз ұсыныстарын беріп, мәселе әлі де талқыланып жатыр, - деп қоса кетті ол.

Өзгелердің жаңалығы