Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда 15 ақпан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күні деп танылды.
Бұл елдегі соғыс ардагерлерінің мерекесі және қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді еске алу және қайғы-қасірет күні.
Ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болды және әркез солай болады.
Ауғанстандағы соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары «Ардагерлер туралы» заңда көзделген. Ал 2020 жылы қабылданғанға дейін олар «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заңмен реттелген.
«Ардагерлер туралы» Заңның тұжырымдамалық жаңалығы басқа мемлекеттердің аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің жеке санатына бөлу болып табылады. Бұл ретте барлық қолданыстағы жеңілдік пен жәрдемақы сақталды.
Қазір Қазақстанда ардагерлердің өмірін жақсартуға бағытталған шаралар жүйесі жұмыс істейді. Оларға әлеуметтік қамсыздандыру, салық салу және т. б. бойынша құқықтар мен кепілдіктер беріледі.
Атап айтқанда:
– 6,19 АЕК (2021 жылы – 18 057 теңге), мүгедектігі бар ардагерлерге – 7,55 АЕК (2021 жылы – 22 024 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
- тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз ету;
- жеңілдікті салық салу;
- жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай әлеуметтік көмек көрсету;
- жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бір жолғы бірінші кезекте алу;
- амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда басым қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызу;
- білікті медициналық көмек алу;
- зейнеткерлікке шыққан кезде ардагерлер жұмыс кезінде тіркелген емханаларды пайдалану құқығы;
- арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
- білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға құқық;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы;
- барлық байланыс қызметін кезектен тыс пайдалану құқығы, оның ішінде интернет пен телефонды бірінші кезекте орнату және т. б.
Мүгедектігі бар ардагерлерге оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қолданыстағы заңнамаға сәйкес қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.
Ауғанстандағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлеріне стационарлық медициналық көмек Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлеріне арналған 2 мамандандырылған республикалық госпитальда (Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында), арнайы сервистік палаталар көзделген облыстық және қалалық ауруханалардың мамандандырылған бөлімшелерінде көрсетіледі.
Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күніне (15 ақпан) немесе басқа күндерге (Отан қорғаушылар күніне (7 мамыр) немесе Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне (9 мамыр) әлеуметтік көмек көрсетеді.
2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ауғанстандағы соғыс қимылдарының 18 219 ардагеріне 5-тен 60 АЕК (14 585 теңгеден 175 020 теңгеге дейін) мөлшерінде 1 млрд 457,5 млн теңге әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай әрбір өңірде жеке-жеке белгіленетінін атап өту қажет.
Осылайша Ауғанстандағы соғыс ардагерлері бір реттік көмек алады:
– 2021 жылғы 15 ақпанға қарай – Ақмола (ішінара), Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды (ішінара), Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында;
- 2021 жылғы 7 мамырға қарай – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында;
- 2021 жылғы 9 мамырға қарай – Ақмола (ішінара), Ақтөбе, Қарағанды (ішінара), Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында.
Сонымен қатар 2020 жылы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 925,5 млн теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 894,5 млн теңге, тартылған қаражат есебінен – 31 млн теңге), оның ішінде:
- отынға – 38,4 млн теңге (1095 адам);
- дәрі-дәрмекпен жеңілдіктіпен қамтамасыз етуге – 32,5 млн теңге (1083 адам);
- тіс протездеуге – 21,6 млн теңге (206 адам);
- қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге – 22,9 млн теңге (1697 адам);
- азық-түлік жиынтығын ұсынуға - 2,2 млн теңге (341 адам);
- тұрғын үйді жөндеуге – 90 мың теңге (1 адам);
- санаторий-курорттық емдеуді ұсынуға – 88,9 млн. теңге (700 адам);
- көмектің басқа түрлеріне – 718,9 млн. теңге (6798 адам).