1441 көше мен 99 мектеп Абай есімімен аталады

10 Тамыз 2023, 18:14
1006
Бөлісу:
1441 көше мен 99 мектеп Абай есімімен аталады
Фото: Абай облысы әкімдігі

Бүгін елімізде «Абай күні» аталып өтуде. Биыл қазақтың ұлы ақыны, ағартушы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл күні біз Абайдың халқымыздың мәдениетіне қосқан шексіз үлесін, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әдеби мұрасы мен даналығын еске аламыз.

Абай - кейінгі толқын ақындар мен жазушыларды, суретшілер мен ғалымдарды шығармашылыққа шабыттандырған ұлтымыздың біртуар тұлғасы. Есімі әлемге мәшһүр, ұлы ойшылдың құнды еңбектері ондаған шет тіліне аударылған.

Абай Құнанбайұлына қойылған ескерткіштер Ташкент, Мәскеу, Бішкек, Ренн, Пекин, Каир, Будапешт, Тегеран, Стамбул, Нью-Дели, Женева, Париж, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков және Баку шаһарының көркін кіргізді. Ал Қазақстанда ақынның есімімен аталатын 1441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, 4 колледж және 1 театр бар, - делінген МСМ таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, Абайдың құрметіне 1 қала, 3 аудан және 28 елді мекен аталған. Ал өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысы құрылды, оның әкімшілік орталығы Семей қаласы. Мемлекет басшысының бастамасымен аталып өтетін «Абай күні» еліміздің әр өңірінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады. Жылдан жылға бұл іс-шаралардың арнасы кеңейіп келеді. Сонымен қатар ұлы ақынның мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу үшін ауқымды жұмыстар мақсатты түрде атқарылуы керек. Абайдың даналығын естен шығармай, ақынның шығармаларында айтылатын ақыл-білім, парасат, адамгершілік сынды ізгі қасиеттерге ұмтылу біздің асыл парызымыз.

Өзгелердің жаңалығы