140 млн теңге. Шымкент әкімдігі ит пішуге қатысты шуды растады

6 Ақпан 2023, 16:38
3398
Бөлісу:
140 млн теңге. Шымкент әкімдігі ит пішуге қатысты шуды растады

Биыл Шымкентте шамамен 20 000 бас иесіз ит-мысықты аулап, қоғамға қауіп төндіретіндері болса, оларды жансыздандырып, қалғанын есепке алып, вакцинация мен стерилизация жасап, чиптеу жоспарланған. Бұған қала бюджетінен 140 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Осы қаржының 84 млн теңгесі иесіз ит-мысықты стерилизация жасауға арналған, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров айтты.

Таяуда әлеуметтік желілерде «Шымкент әкімдігі иттерді піштіруге 140 млн теңге бөлді» деген жазуы бар сурет тарап, мұны әлеуметтік желі қолданушылары көп талқылады. Посттар мен комментарийлерден иесіз ит-мысықтарды стерилизация жасауға бюджеттен миллиондаған қаржы бөлуге қарсылық мазмұн көп байқалды.

Бүгін ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшылығы мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін «Шымкент қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды кастрациялау және зарасыздандыру шаралары туралы» брифинг өткізді.

Былтыр Шымкентте 40 мың бас иесіз ит-мысық ауланыпп, бұған 130 млн теңге бөлінген екен. Ал биыл болжам бойынша 20 мың бас иесіз ит-мысықты аулау жоспарланып, 140 млн теңгедей қаржы бөлінбек екен. 

 Былтыр кастрация жасауға қаржы бөлінбеді. Биыл бірінші рет қаралып отыр. Былтыр ұсталған иесіз ит-мысықтарды оқшаулау орнына алып барды. Қаламызда иесіз жануарларға жаны ашитын ұйымдар бар. Солар әлеуметтік желі парақшасында жариялаған соң, асырап алғысы келген адамдар хабарласып, алып кеткен жағдайлар көп болды. Ал енді биыл болжам бойынша 20 мың бас иесіз ит-мысықты аулау жоспарланған. Аулау барысында барлығы нақтыланып, соған сәйкес тиісті шығындары қаралады. Егер 20 мыңға жетпесе, игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылады. Біз бұған дейін ауланған иесіз ит-мысықтар статистикасы бойынша, аналық бастарының басым болуы байқалды. Жалпы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғанға дейін жан-жануарларды ешқандай тіркеу жүргізілмеген. Енді заң бойынша, аулап, агрессивті, қоғамға қауіпті болса, ізгілікті жолмен жансыздандырады, оқшаулау орталығында құтыруға қарсы вакцинация мен кастрация жасалып, базаға тіркеліп, чиптеліп, есепке алынады. Биыл бұған бюджеттен қаралған 139 500 000 теңгенің 84 млн теңгесі 8400 иесіз ит-мысықты стерилизация жасауға арналады. Стерилизация жасағаннан кейін иесіз ит-мысықтар саны азаяды. Өйткені, қазір ит-мысықтар бір туғанда кемі 4-5 туады. Стерилизациядан кейін санын реттеуге мүмкіндік болып, көбеюі шектеледі, — деді Ә.Жанбатыров.

Қазақстан қоғамында жануарларға қатігез әрекет таныту жағдайларының көбеюіне байланысты 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданған.

 Мәжіліс пен Сенатта талқыланып, қабылданған заңның нормаларын орындау үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жануарларды ұстау, қарау, аулау, уақытша ұстау, панажай қызметі, есепке алу, тасымалдау, серуендету, қоғамдық бақылау, вакцинациялау, стерилизациялау туралы жалпы 14 нормативтік-құқықтық акт дайындап бекітті. Сол актілердің ішінде, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2022 жылғы 20 мамырдағы «Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау қағидаларын бекіту туралы» № 171 бұйрығы қабылданды. Соған сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі бюджет қарастырып, 2023 жылы иесіз жануарларды стерилизациялау, яғни кастрация жасау арқылы гуманды түрде, қаңғыбас жануарлардың өсімін болдырмау жөніндегі жұмыс барысын жоспарлады. Аталған бағытқа 139 500 000 теңге қаржы қарастырылған. Бұған бекітілген заң нормаларын орындау мақсатында, аулау қызметі тарапынан жануарлардың жиналу орындарын мониторинг нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша оны аулайды. Қоғамға қауіп төндірсе, шабуыл жасаса, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, ізгілікті жолмен жансыздандырады. Қоғамға қаупі болмаса, ауруы жоқ болса, оқшаулау орнына жеткізіп, клиникалық тексеру жүргізіледі, — дейді Әбунасыр Жанбатыров.

Басқарма басшысының айтуынша, оқшаулау орнына апарғаннан кейін иесіз ит-мысықты базаға тіркеудің арнайы іс-шарасы жүргізіледі.

Ветеринарлар оқшаулау орнында жануарға құтыруға қарсы вакцинация жасайды. Сосын қаңғыбас жануарға стерилизация, яғни кастрация жасау туралы шешім қабылданып, ертеңіне стерилизация жүргізіледі. Стерилизация жасағаннан кейін кейін иесіз жануардың ұрғашыларын кемі 10 күн, еркектерін кемі 3 күн жабық торда ұстайды. Егер жануардан агрессив күй байқалмаса, базаға тіркеліп, чиптеледі. Яғни құлағына чип тағады. Сосын оны бұрынғы мекендеу орнына жібереді. Сондықтан осы шараның барлығын атқару үшін осындай қаражат бөлінген. Қазір конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесі бойынша, мердігер мекемемен осы жұмысты атқару жоспарланып отыр. Мұның барлығы 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес Экология министрлігі бекіткен заң нормаларына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде жасалып жатқан іс-шара, — деді ол.

Қазір Шымкентте иесіз ит-мысықтарды оқшаулау орталығы бар. 500 бас орынға арналған. Енді заң қабылданып, нормасы бекітілгені себепті, яғни жүктеме артуына байланысты оны басқа жаққа көшіру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы қалада қаңғыбас ит-мысықтардың көбеюіне үй иелерінің жауапкершілігі төмен болуы негізгі себеп. Кейбір тұрғындар ит-мысығы туса, күтім жасай алмайтын болған соң көшеге шығарып жібереді. Сосын сол ит-мысық иесіз жануарға айналады. Ал енді биыл, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркеу міндеттеледі, — деді Ә.Жанбатыров.

Өзгелердің жаңалығы