1,4 трлн теңге. Ұлытау облысының кешенді жоспары әзірленді

1 Қараша 2022, 11:15
1279
Бөлісу:
1,4 трлн теңге. Ұлытау облысының кешенді жоспары әзірленді

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Кешенді жоспарға енгізілген барлық іс-шаралар пысықталды және орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Кешенді жоспар жобасы әртүрлі салалар бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 9 бағыттағы 126 іс-шараны қамтиды, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Айтуынша, жоспарға ел қазынасынан, сондай-ақ жергілікті бюджеттен тиісті қаражат та бөлінген. 

Кешенді жоспарды іске асыру үшін 5 жылдық кезеңге арналған инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 124,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 49 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялардан 1,2 трлн теңге бөлінді, - деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі өңірдегі өзекті проблемалар туралы айтқан болатын. Белгілі болғандай, олардың ең негізгісіне экология, ауызсу, құлағалы тұрған үйлер құрайды. Сонымен қатар әлеуметтік бағытта денсаулық сақтау және білім беру салаларында кадрлардың тапшылығы байқалады. Оған қоса, өңірдегі инженерлік инфрақұрылымның тозуы 80 пайыздан асып кеткен. 

Өзгелердің жаңалығы