Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тек мамыр айында ғана барлық қаржы көздері есебінен бүкіл еліміз бойынша 1356 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс министрліктің тұрақты бақылауында, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынатын болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 31725 отбасы баспанаға мұқтаж жандар ретінде әкімдіктерде есепте тұр.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ арқылы қосымша шара ретінде биылғы жылдың маусым айында көпбалалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелеуді іске қосу жоспарлануда. Бұл қарыздар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін.
ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің деректері бойынша бүгінгі күні кезекте тұрған көпбалалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен толық қамтамасыз етіледі. Тек осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өз пәтерлеріне қоныстанады (6 мың жалдамалы тұрғын үй есебінен және 6 мың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несие беру есебінен).
Осылайша, 3-4 жыл ішінде министрлік тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылардың мәселесін толық шешуді жоспарлап отыр. Қабылданып жатқан шаралар аз қамтылған көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда еліміздің халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттырады.