13 ауылдасын алдаған әйелге қатысты үкім шықты

2 Қыркүйек 2021, 22:19
4217
Бөлісу:
13 ауылдасын алдаған әйелге қатысты үкім шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 13 қылмысқа қатысы бар 37 жастағы алаяқ әйелге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырар ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі арызданып келген. Оның айтуынша, сырттай танысы өзінің жұмысқа кіргізіп беретінін айтқан. Оған сенген танысы өзінің күйеуі мен інісін де кіргізіп беруін сұрап, 1 600 000 теңге ақша салып жіберген. Осылайша, арада біршама уақыт өткен соң күдікті әйел ұялы телефонына жауап бермеген. Ал, танысы болса ақша алғаннан кейін әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді - делінген хабарламада.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында, полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Белгілі болғандай, күдікті әйел өзінің ауруханада жұмыс жасайтын анасының атын жамылып, бұрынғы күйеуінің 13 ауылдасын алдаған. Оларға жұмысқа кіргізіп беретінін айтып,  әрқайсысынан 250 000-1 600 000 теңге аралығында ақшасын алған. Осылайша жәбірленушілерге жалпы 5 000 000 теңгеге жуық шығын келтірген. 

Полиция қызметкерлері аталған жайтқа байланысты іс құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін Отырар аудандық сотына жолдаған болатын. Қазіргі таңда сот алаяқ әйелді ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес адамдарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы