127 ауылда әлі күнге дейін сапалы интернет байланысы жоқ – Қасымбек

5 Мамыр 2021, 20:48
1291
Бөлісу:
127 ауылда әлі күнге дейін сапалы интернет байланысы жоқ – Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 127 ауылда әлі күнге дейін сапалы интернет байланысы жоқ. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек түйткілді мәселені тезірек шешуге шақырды. Жол картасы түріндегі нақты іс-қимыл жоспары жақын арада пайда болуы тиіс.

Облыс әкімі ұялы байланыс операторларымен онлайн-кеңес өткізді. Оған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қатысты. 

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңеске қатысушылар ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету үшін іске асырылған және жоспарланған МЖӘ жобалары туралы айтып берді. 

Барлық шараға қарамастан нәтиже мардымсыз. 127 ауылда әлі күнге дейін сапалы интернет байланысы жоқ. Пандемия кезінде ауыл мектептерінің жартысына жуығы қашықтықтан оқытуға сапалы қолжетімділіктің болмауынан штаттық режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Өңір бойынша жұмыс сапарлары кезінде мен өзім байланыстың жоқтығына тап боламын. Кездесулерде адамдар жаңа жолдарды ғана емес, қалыпты интернетті де сұрайды. Бүгінде бұл өмірлік қажеттілік, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.  

Аймақ басшысы ұялы байланыс операторларына бірлескен жол карталарын әзірлеуді ұсынды. 

Сіздердің компанияларыңызға не байланысты және бізден қандай қолдау қажет екенін зерттеп, жауапкершілік аясын анықтаймыз. Ай сайын не істелгенін, қандай себептерге байланысты кідірістер болғанын жеке бақылаймын, – деді Жеңіс Қасымбек. 

Асхат Оразбек министрлік төрт ірі оператор бойынша талдау жасағанын хабарлады. Оның пікірінше, компаниялар инфрақұрылымды пайдалануда ынтымақтасуы керек.

Өзгелердің жаңалығы