126 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

17 Тамыз 2020, 20:39
1152
Бөлісу:
126 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында жолдарды күтіп ұстауға жауапты 126 адам түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдың жеті айында облыс бойынша 299 ЖКО орын алды, соның салдарынан 20 адам қаза тауып, 425 адам жарақат алды. Өкінішке орай, оқиғаларда үш бала қайтыс болды.

Жол-көлік оқиғаларының жалпы санын, өңір жолдарындағы жарақаттану мен өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында полиция департаменті тұрақты негізде жалпы пайдаланымдағы жолдарға, оның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға тексеру жүргізеді.

Тексеру нәтижелері бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты тұлғалардың атына жол-көлік оқиғаларын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 827 ұйғарым енгізілді. Сонымен қатар, көрсетілген кезеңде азаматтардың өтініштері бойынша күрделі қиылыстарда 75 стробоскоп, үш бағдаршам нысаны орнатылды, екі мыңнан астам жол белгілері орнатылды және ауыстырылды, 12 мың шаршы метрден астам белгілер жаңартылды. Автожол учаскелеріне өңірдің полиция қызметкерлері тұрақты түрде тексеру өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы