1200 орындық мектепте 5 мың бала оқыса, сапаны қалай талап етуге болады? – Аймағамбетов

2 Наурыз 2022, 15:59
3257
Бөлісу:
1200 орындық мектепте 5 мың бала оқыса, сапаны қалай талап етуге болады? – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов салынып жатқан мектептердің құрылысына қатысты мәселені көтерді.

Президент біздің алдымызға үлкен міндет қойып отыр.  Жылға дейін 1000 мектепті салып бітіріп, іске қосуымыз керек. Бұл мәселені шешпесек, әрі қарай даму болмайтыны белгілі. Қазіргі күні мектептерде орын тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Былтыр 200 мектеп салу керек болатынбыз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Министр жобаны артығымен, яғни 200 емес, 277 мектеп салынғанын атап өтті.

Десе де бұл көрсеткішке жекеменшік мектептерді салу есебінен жеттік. Министрлік жаңа тетікті іске қосып, соның арқасында жекеменшік мектептерді ашып жатыр. Әрине мектеп құрылыстары бірінші кезекте әкімдіктердің құзырына кіретін мәселе. Білім басқармалары жергілікті Құрылыс басқармалары салады деп жұмыстан тыс қалмауы керек. Білім басқармасы жобаға басынан аяғына дейін қатысуға міндетті, - дейді ол.

Бас ұстаз балаларға қолайлы орта жасау үшін бүгінгі күні жаңа типтік жобалар қажет екенін айтты.

Бұл жаңа типтегі мектептерді бір емес, бірнеше спорт зал болуы керек. Сондай-ақ арнайы материалдық-техникалық базасымен толығымен қамтылуы қажет. Балаларды еңбекке баулу туралы айтамыз. Бірақ жаңадан салынған мектептерде тиісті құрылғылар жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Сапа болуы үшін осы мәселелерге назар аударып, жұмысты жүргізуді талап етемін, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында.

Білім басшысы салынып жатқан мектептер бойынша да сұрақтар бар екенін айтты.

Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Кейбір мектептерді салуын салады, бірақ оның тиісті пән кабинеттері мен құрал-жабдықтары болмаса, ол жай ғана ғимарат болып есептеледі. Ол – мектеп емес. Ақшаны үнемдеу үшін осындай мектептер салып алып, жұмысты бастау үшін тиісті лицензияны ала алмай отырады. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Бұл болашақ ұрпақтың білімді, білікті болуы осыған байланысты. 1 200 орындық мектепте 5 000 бала оқыса, сапа туралы қалай айтуға болады? – деп айтты БҒМ басшысы.

Аймағамбетов бұл мәселе Үкімет деңгейінде де көтерілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оның сөзінше, былтыр жіберілген кемшіліктер бойынша жауапкершілікке тарту талап етіледі.

Биыл 200 мектеп салу туралы меже бар. Бұл тапсырманы орындау керек. Тағы бір мәселе бар: салынатын 1 000 мектептің жер мәселесі. Оның жерін алдын ала бөлу бойынша тапсырма болды. Бұл тапсырманы орындауға бір ай уақыт қалды. Алдағы жылдары да салынатын мектептерге жер бөлініп қойылуы керек. Мектепке бөлінген жер тек мектепті дамыту үшін қолданылуы керек. Оны біреуге сатып жіберуге немесе басқа бір нысанға айналдыруға жол беруге болмайды, - деп түсіндірді министр.

Өзгелердің жаңалығы