Жүргізушілерге ескерту: Айыппұлдар енді автоматты түрде салынады

Енді рөлде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты бұзушылықтарды заманауи камералар мен автоматты жүйелер тіркей алады.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 17:37
Бүгiн 2026, 17:37
817
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Бұған дейін кейбір бұзушылықтарды полиция қызметкерлері тікелей бақылау арқылы анықтаса, енді оларды автоматты жүйелер де тіркей алады. 12 наурыздан бастап рөлде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты бұзушылықтарды заманауи камералар мен автоматты жүйелер тіркейді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова заңдағы өзгерістер туралы BAQ.KZ редакциясының арнайы сауалына жауап берді.

Заңға қандай өзгеріс енгізілді?

Ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында профилактикалық шараларды күшейтіп отыр.

Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына өзгерістер енгізілді. Жаңа нормалар Цифрлық кодекс аясында қабылданған және 12 наурыздан бастап күшіне енеді.

Мамандардың айтуынша, өзгерістер технологиялардың дамуы мен мемлекеттік қызметтердің цифрлануына байланысты енгізіліп отыр. Яғни жол қозғалысын бақылауда заманауи техникалық мүмкіндіктер кеңінен қолданылмақ.

Жаңа тыйым жоқ, тек бақылау күшейеді

Заңнамадағы өзгерістер жүргізушілер үшін жаңа талаптар немесе қосымша шектеулер енгізбейді. Бұрыннан бар ережелер сол күйінде сақталады.

Айырмашылығы – құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілдерінің кеңеюі. Бұған дейін кейбір бұзушылықтарды полиция қызметкерлері тікелей бақылау арқылы анықтаса, енді оларды автоматты жүйелер де тіркей алады,- дейді ол.

Мысалы, жүргізушінің рөлде телефон пайдалануы немесе қауіпсіздік белдігін тақпауы камералар арқылы анықталуы мүмкін.

Камералар бұрын қандай бұзушылықтарды тіркейтін?

Осы уақытқа дейін автоматты жүйелер негізінен жол қозғалысы ережесінің алты түрдегі бұзушылығын тіркеп келді. Олар – жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау, қарсы бағытқа шығу, жолдың жүру бөлігінде дұрыс орналасу ережесін бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу.

Ал басқа құқық бұзушылықтарды анықтау көбіне полиция қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асатын,- дейді маман.

Құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі

Жаңа өзгерістерге сәйкес құқық бұзушылықтарды анықтаудың бірнеше механизмі қарастырылған.

Біріншісі – бейнебақылау камералары. Қала көшелері мен жолдарда орнатылған камералар бұрынғыдай жол қозғалысын бақылауды жалғастырады. Екіншісі – автоматты тіркеу жүйелері. Бұл жүйелер арнайы өлшеуді қажет етпейтін құқық бұзушылықтарды анықтай алады. Мысалы, жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпауы немесе телефон пайдалануы,- деп атап өтті Боранова.

Ал үшінші тәсіл деп  мемлекеттік деректер базалары арқылы бақылауды айтты.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріліп, кейбір құжаттарға қатысты бұзушылықтарды автоматты түрде анықтай алады,- дейді ол.

Яғни егер техникалық байқаудың мерзімі өтіп кетсе, сақтандыру полисі болмаса, қаруды сақтау рұқсатының мерзімі аяқталса автоматты түрде камера анықтайды. Кей жағдайда жүргізушілерге ескерту беріледі

Жаңа жүйе тек айыппұл салумен шектелмейді. Кейбір құқық бұзушылықтар бойынша автоматты түрде ескерту беру мүмкіндігі де қарастырылған. Бұған дейін мұндай жағдайларда полиция қызметкері қатысып, әкімшілік іс қолмен рәсімделетін. Енді жүйе жолда кептеліс тудыру немесе сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау сияқты кейбір бұзушылықтар бойынша автоматты ескерту шығара алады,- деді ол.

Камералар жаяу жүргіншілерді жазаламайды

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында автоматты камералар жаяу жүргіншілерді де жауапкершілікке тартады деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жүйелер тек көлік жүргізушілері жасаған жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге арналған.

Наверх