1,1 млн теңге жалақы: Қазақстанда ең сұранысқа ие мамандықтар аталды

Ең көп жұмысшы қажет салалар белгілі болды.

6 Тамыз 2026, 14:42
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 6 Тамыз 2026, 14:42
6 Тамыз 2026, 14:42
257
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

2026 жылдың шілде айында Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс іздеушілер саны артты. Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының мәліметінше, бір ай ішінде жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 141,2 мың түйіндеме орналастырған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, маусым айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайғанымен, түйіндемелер саны 11,5%-ға көбейген. Мамандар мұны жаз мезгіліндегі маусымдық үрдіспен байланыстырады. Бұл кезеңде жоғары және техникалық оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер қатары артады.

Ең көп қызметкер қай салаларға қажет?

Шілде айында жұмыс күшіне ең жоғары сұраныс білім беру саласында тіркелді. Бұл бағытта 23,4 мың бос жұмыс орны ұсынылған.

Сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан келесі салаларда сұраныс жоғары болды:

  • қызмет көрсету саласы – 16 мың бос жұмыс орны;
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 10,3 мың;
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 8,2 мың;
  • өңдеу өнеркәсібі – 6,8 мың;
  • құрылыс саласы – 5,7 мың бос жұмыс орны.

Қай өңірлерде бос жұмыс орны көп?

Өңірлік бөліністе ең көп вакансия Астана қаласында жарияланған. Елордада бір ай ішінде 8,8 мың бос жұмыс орны ұсынылды.

Одан кейінгі орындарда:

  • Түркістан облысы – 7,6 мың;
  • Павлодар облысы – 7,1 мың;
  • Алматы қаласы – 7 мың;
  • Ақмола облысы – 6,9 мың бос жұмыс орны.

Жұмыс берушілер қандай мамандарды іздейді?

Жұмыс берушілердің негізгі сұранысы орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға бағытталған. Мұндай бос жұмыс орындары барлық ұсыныстың 38,8%-ын құрады.

Төмен біліктілікті қажет ететін жұмыстардың үлесі 30,7%, ал жоғары білікті мамандарға арналған вакансиялар 30,5% болды.

Жұмыс іздеушілердің жартысынан көбі – жастар

Шілде айында Enbek.kz платформасында жарияланған 141,2 мың түйіндеменің 54%-ын 35 жасқа дейінгі азаматтар орналастырған. Бұл жаз мезгілінде оқу орындарының түлектері еңбек нарығына жаппай шығуымен түсіндіріледі.

Ал қалған жас санаттары мынадай:

  • 35-44 жас – 25%;
  • 45-54 жас – 14%;
  • 55 жастан жоғары – 7%.

Гендерлік көрсеткіш бойынша түйіндемелердің 57%-ын әйелдер, 43%-ын ерлер жариялаған.

Жұмыс іздеушілердің біліктілік құрылымы да еңбек нарығындағы сұранысқа жақын болды. Орта және жоғары білікті мамандардың әрқайсысының үлесі 38%-дан, ал төмен біліктілікті жұмыс іздеушілердің үлесі 24%-ды құрады.

Ең жоғары жалақы қандай мамандықтарға ұсынылды?

Шілде айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына ұсынған. Бұл қызмет бойынша ұсынылған еңбекақы шамамен 1,12 миллион теңгені құрады.

Одан кейін:

  • ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспектор – шамамен 910 мың теңге;
  • маркетинг және өнімді өткізу бөлімінің бастығының орынбасары – шамамен 900 мың теңге.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер:

  • ұшқыштар – шамамен 2,39 миллион теңге;
  • стюардессалар – 1,43 миллион теңге;
  • электр станциясының бастығы лауазымына үміткерлер – 1,32 миллион теңге.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында жалпы 709 мың бос жұмыс орны жарияланып, 877,2 мың түйіндеме орналастырылған.

Тағы оқи отырыңыз: Жаңа мамандық игеріп, жұмыс табуға бола ма? 

Наверх