101 млрд теңге. Жамаубаев ақшаны игере алмаған министрліктерді атады

14 Наурыз 2023, 10:28
959
Бөлісу:
101 млрд теңге. Жамаубаев ақшаны игере алмаған министрліктерді атады

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол биылғы 2 айдың  қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне есеп берді. 

Мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 107,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2,5 трлн теңге кірістер түсті немесе жоспар 100,5%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 12 млрд теңгеге, оның ішінде салықтық емес кірістер – 20 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша жоспар 8 млрд теңгеге орындалмады, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айтуынша, салықтар бойынша орындалмаудың негізгі сомасы пайдалы қазбаларды өндіру салығы, корпаративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж тиесілі.

Пайдалы қазбаларды өндіру салығы және экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың орындалмауы және түсімдердің өсу қарқынының төмендеуіне биыл қаңтар-ақпан айларында негізгі экспорттық тауарлар бағасының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа есеппен 12,3%-ға төмендеуі себеп болды. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 591 ірі салық төлеуші бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында аванстық төлемдер сомасының 44,6%-ға төмендеуі есебінен орындалмады, - деді Қаржы министрі. 

Бұл ретте жоспар қосылған құн салығы және импорттық кедендік баждар бойынша асыра орындалды деп отыр. 

Жергілікті бюджеттердің кірістері 135%-ға атқарылды және 882 млрд теңгені құрады. Жоспар 228 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 210 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 96,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,6%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 3,4 трлн. теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 123 млрд теңгені құрады, оның ішінде 22 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 101 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Ішкi iстер, Қаржы, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде қалыптасты, - деді Ерұлан Жамаубаев. 

Өзгелердің жаңалығы