«1000 орын - көше саудасы»: Елордада жыл басынан бері 20 жер учаскесі бөлінді

18 Тамыз 2021, 14:17
1691
Бөлісу:
«1000 орын - көше саудасы»: Елордада жыл басынан бері 20 жер учаскесі бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да «1000 орын - көше саудасы» жобасын іске асыру аясында сауда павильондарын орналастыру үшін 650-ден астам жер учаскесі бөлінді. 

Ал осы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін аталған жоба аясында 20 жер учаскесі бөлінді деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

Бөлінген жер учаскелері жеміс-жидек, көкөністер, тамақ өнімдерін, дайын өнімдер (сусындар, балмұздақ, фаст-фуд) сататын объектілерді орналастыруға арналған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлерге «Astana» ӘКК» АҚ жер учаскелерін беру бойынша қолданыстағы қағидаларға сәйкес арнайы комиссияның шешімі негізінде жылына 30-дан аспайтын жер учаскесін беру көзделген.

Бүгінгі таңда жобаны іске асыру аясында 1700-ден астам жұмыс орны құрылып, жеке инвестиция ретінде 1,1 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Бөлінген учаскелердің жалпы ауданы 8 313 шаршы метрді құрайды.

Тұрғын үй алаптары мен жаңа құрылыс жүріп жатқан аудандардан учаскелер бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда қалада көптеген қоғамдық кеңістік, алаңдар мен саябақтар ашылуда. Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген орындарды сауда павильондарын орналастыру арқылы дамытуға мүдделі.

Бүгінгі күні «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жер учаскелерін беру жөніндегі аукционның кезекті кезеңін дайындауға кірісіп кетті.

Аукционды 2021 жылдың қыркүйегінде өткізу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы