"100 жаңа есім" жеңімпазы: Мектепте ер мұғалімнің санын арттыру керек

"100 жаңа есім" жеңімпазы: Мектепте ер мұғалімнің санын арттыру керек
PHOTO
5112

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада "100 жаңа есім" жобасының үшінші кезеңі қорытындыланып жатыр.

"100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы, елордадағы 54-мектептің директоры Шәкәрім Сейсембай сөз бастады. Ол - еліміздегі ең жас мектеп директоры. 

Біздің мектебімізде 213 қызметкер, 2700 оқушы бар. Ұстаздық қызметтегі мақсатым – мемлекетіміздің білім саласын брендке айналдырып, әлемдік бәсекедегі мәртебесін арттыру. Қазіргі таңда өкінішке қарай, жастардың ішінде, білімді азаматтардың арасында мектепке барып, ұстаз болып білім беру – үрдіске айналмаған. Ал біздің негізгі байлығымыз – жер астындағы алтын емес, халқымыздың ұшан-теңіз білімі. Сол себептен, бізге мықты ұстаздар керек. Себебі, ханның да, қараның да өмірлік ұстаздары болған, - дейді жеңімпаз.

Шәкәрім Сейсембай Мағжан Жұмабаевтың "Алты Алаштың басы қосылса – төрдегі орын ұстаздыкі" деген сөзін еске салды.

Біздің мектептерге белгілі бір баланс керек. Яғни, ер мұғалімдердің санын арттыру керек. Мектеп – отбасы секілді. Жанұяда әкеден, анадан тәрбие көрген бала жаман болмайды. Сондықтан, ер азаматтарды мектепке қызметке шақырамын. Осы бірегей жоба аясында жастарға ой салып, ұстаздық мәртебесін арттырамын деген үмітім бар, - дейді Шәкерім Сейсенбай.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жобаға қатысу үшін 1673 өтініш қабылданған. Жалпы, барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша 32 жеңімпаз анықталды. Олардың 25-і онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз атанса, 7-ін қазылар алқасы ұсынған. Жеңімпаздар қатарында 11 қоғам мүшесі, 4 ғылым-білім саласының маманы, 5 бизнесмен, 5 спортшы және 5 мәдениет саласының қызметкері бар.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ