Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2014-2015 жылдары Қазақстанда бірінші рет микрохирургиялық операциялар жасай бастадым. Ол кезде мұндай ота ТМД бойынша екі-үш жерде ғана жасалатын. Бұл туралы «100 жаңа есім» жобасына қатысушы әрі онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылым жөніндегі директорының орынбасары Дәурен Әділбай сұхбаттасу кезінде айтты.
Дәурен, «100 жаңа есім» жобасында сізді микрохирургиялық операцияны елімізде алғаш жасаған адам ретінде айтып жүр. Өзіңіздің атқарып жүрген қызметіңіз жайлы айтып берсеңіз?
Мен бас пен мойын онколог хирургымын. Бұл өте сирек кездесетін мамандық. Бас пен мойын аймағындағы қатерлі ісікті емдеймін. Оған ауыз қуысының жұтқыншақ, көмей, қалқанша бездерін емдеу жатады, яғни үш мамандықтың тоғысқан тұсы. Және оған қосымша деконструктивті пластикалық хирургпын. Менде онколог хирург және пластикалық хирургтың сертификаты бар. Мәселен, ісіктерді алып тастаған соң ол жерді қалпына келтіру үшін деконструктивті пластикалық ота жасаймын. Өзім ісіктерді алып тастап, орнын қалпына келтіре аламын. Негізі шетелде бұны бөлек екі маман жасайды.
Яғни, елімізде бұған дейін екі отаны қатар жасағандар болған жоқ қой?
Иә, онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Астанада бөлімшесі ашылған. Біздің тобымыз бірінші болып сонда іске асырдық. Ол жақта бас пен мойын ісіктері бөлімін аштық. Сосын Қазақстанда бірінші рет микрохирургиялық операциялар жасай бастадық. Бұл 2014-2015 жылдары болатын. Ол кезде мұндай отаны ТМД бойынша екі-үш жерде ғана жасайтын. Өйткені бұл өте күрделі ота, кейде 12 сағатқа дейін созылады. Ота барысында 1 мм-ден кіші тамырларды тігеміз. Микроскоп астында өте жіңішке жіппен тігетіндіктен ол ұзаққа созылады. Мәселен, ісікті алу кезінде тілдің біраз бөлшегі кесілген болса оны қалпына келтіру үшін сол адамның қол терісін бұлшық еті, тамырымен қоса тіліп әкеп бүлінген жерге тігеміз. Бұл трансплантацияның бір түріне жатады. Сондай-ақ, қолдағы тілінген жерді, яғни донорлық бөлікті қалпына келтіреміз. Астыңғы, үстіңгі жақтарды, жұтқыншақтарды осылайша емдейміз. Әйтпесе адам дұрыс сөйлей алмай не тамақтана алмай қиналады. Ауыз қуысы – өте күрделі аймақ. Адам ол жермен тыныстайды, тамақ ішеді және сөйлейді, яғни үш қызметті атқаратын бөлігі.
Қазір 3D принтер арқылы адамның ағзасын басып шығаруға болады деп жатады. Сіздер осы технологияны пайдаланып көрдіңіздер ме?
3D принтер көбінде силиконнан жасайды. Ол әдемі болып шықпайды. Қазір онпластобус деген бөлек мамандық бар. Олар адамның дене тіндерін ала отырып қажетті бөлшекті өз қолдарымен жасап, бояп шығады. Бұларды мүсіншілер десек болады, олар әзірлеген дене бөлшектері икемді әрі иілгіш келеді. 3D принтермен басылып шыққан құрам қатты болады. Адам күлген кезде ол қозғалмайды, яғни иілмейді. Сондықтан оның жасанды екені білініп тұрады.
Күрделі оталарды жасаймын деп отырсыз, осыларды қалай меңгердіңіз?
Бұл мамандықты «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2007-2008 жылдары Мәскеуде оқығанда меңгердім. Кейін АҚШ-тағы Америка клиникалық онкологтарының қауымдастығы грантына ие болып, Хьюстон қаласындағы М.Д.Андерсен онкология орталығында бас және мойын хирургиясы бойынша білім алдым. Нейрохирургияны қосымша Үндістанда оқыдым, ол жақта микрохирургияны жақсы жасайтын емхана бар. Сондай-ақ, онда қолдың транплантациясын жасайды, мұндай оталар дүниежүзінде сирек кездеседі. Сондықтан сол жақтан үйренуге тырыстым әрі әлемге танымал ұстазым бар онда.
Астанадағы бөлімшеде бірінші болып екі отаны бір мезетте жасадық дедіңіз. Қазір сіз бұл орталықта істемейсіз ғой, ондағы жұмыс тоқтап қалмады ма?
Иә, мен қазір Алматыдағы онкология институтындамын. Астанадағы бөлімше жұмысын жалғастыруда, яғни дәрігерлер менің үйреткенім бойынша күрделі отаны жасап жатыр.
Жалпы айына қанша ота жасайсыз?
Микрохирургиялық операцияға келсем жылына барлығы 30 шақты ота жасаймыз. Бұл өте күрделі ота. Ал қатерлі ісіктер бойынша жылына 200-300 дей отаға қатысамын.
Микрохирургиялық отаны көптеп жасауға мамандар жетіспей жатыр ма әлде басқа да себептері бар ма?
Иә, бұл өте күрделі операция, кезекте тұрған адамдар саны да көп. Мамандар жетіспеушілігі де бар және оған төленетін ақшасы да аз. Яғни операция 12 сағатқа созылады, бірақ мемлекеттен қаражат аз төленеді. Қазір осы бағытта министрлікпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, кім біледі мүмкін тарифтерін көтеріп қалатын шығар.
Сіз қазір онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылым жөніндегі директоры орынбасары екенсіз. Ғылыми жұмыстарыңыз жайлы айта отырсаңыз?
Бұған дейін дүниежүзіне танымал ғылыми журналдарға мақалаларым шықты. Lancet oncology атты ең танымал журналға да мақалам жарияланды. Жалпы өзім ғылым кандидатымын. 2015 жылы ғылым жөніндегі «Thomson Reuters» жүлдесін иелендім. Олар жыл сайын Орталық Азия ғалымдарына «үздік ғалым» деген атақ береді. 2017 жылы халықаралық UICC young leaders байқауына қатысып, жүз адамның ішінде 7 жеңімпаздың бірі болдым.
Онкологиялық ауруларды емдеу бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр. Жақын арада тың жаңалықтар, өзгерістер болуы мүмкін бе?
Иә, қазіргі уақытта Астанада жаңа онкологиялық орталық салынайын деп жатыр. Ол жайында Елбасы өзінің Жолдауында айтқан болатын. Оған соңғы үлгідегі көптеген жабдықтар әкелінеді. Мен сол жұмыс тобының құрамына енген едім. Қазірден қажетті жаңа жабдықтар мен технологиялардың тізімін жасап жатырмыз. Сондықтан бұл озық технологиялық онкологиялық орталық болады деген сенімдемін. Сондай-ақ, ол жерде шетелдік дәрігерлер шеберлік сағаттарын өткізіп, әрдайым тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Жалпы еліміздегі онкологиялық ем болсын, пластикалық хирургия болсын қандай деңгейде?
Дамыған елдерден үйренеріміз көп. Ал дамушы елдер арасында алдыңғы қатардамыз десек болады. Бізде онкология ауруларын емдеу сапасы жоғары. Мәселен, химия және сәулемен емдеу тегін. Көрші Қырғызтан мен Өзбекстанда ондай аспаптар, жабдықтар жоқ. Сондай-ақ бізде химиялық қымбат дәрілер науқастарға тегін беріледі. Кейбір дәрілердің бір сиклының бағасы 2-3 мың долларға дейін барады. Ал науқас 10-20 сиклға дейін қабылдайды. Соның бәрін мемлекет өз мойнына алып отыр.
Отбасыларыңызда сізден басқа медицина адамы бар ма?
Әкем мен әйелім де дәрігер. Әкем көп жылдар бойы хирург болып қызмет атқарған адам. Ал жан-жарым терапевт болып істейді.
100 жаңа есім жобасына қалай келдіңіз? Достарыңыз әлде әріптестеріңіз ұсынды ма?
Бұл жоба жайында еш хабарым болған жоқ. Мені әйелім ұсыныпты. Қасымда жүрген соң еңбегімді елеп, ескерген болу керек.