100 теңге төлемесе, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Депутат автотұрақ жүйесін сынға алды

15 Мамыр 2023, 11:36
1176
Бөлісу:
100 теңге төлемесе, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Депутат автотұрақ жүйесін сынға алды
Фото: BAQ.KZ

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза еліміздегі автотұрақ мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында ақылы көлік тұрақтары қаптап кетті. Бастапқыда аталған көлік тұрақтары көшелердегі көлік ретсіздігін шешуге бағытталғанымен, түптеп келгенде мәселе шешілмеді, керісінше әлеуметтік наразылықтарға негіз болар сұрақтар туындап жатыр, - деді депутат.

Ол автотұрақтарды орналастыру мәселесіне тоқталды. Айтуынша, мегаполистердегі бұл нарықты бірнеше оператор монополияландырып алған. Олар, алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақтарды аша бастады. Алайда, 2021 жылы тек Астана қаласында ақылы тұрақтар саны 20 есеге артқан.

Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидалар бұза отырып әлеуметтік объектілер келушілеріне арналған жерлер берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптар мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда бола бастады.

Сонымен қатар шарт талаптарына байланысты мәселені қозғады.

Жеке серіктестерге еш қаражат жұмсауды қажет етпейтін, жұмыс істеп тұрған автотұрақтар беріледі. Жеке серіктес төлем алу құрылғыларын орнатады. Кірістің 95 пайызы жеке серіктеске, ал 5 пайызы мемлекетке түседі. Абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Шарт талаптарын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қайта қарау абзал, - деді Нұртаза.

Депутат айыппұл салу жүйесін де сынға алды.

Ақылы автотұрақтар үшін арнайы айыппұл түрі енгізілген және айыппұл сомасы – 10 350 теңгені құрайды. Яғни азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп.
Бұл айыппұлдарды автотұрақ әкімшілері емес, Ішкі істер министрлігі алып отырады. Әкімдік пен ақылы автотұрақ операторларының өзара осындай қарама-қайшылық қатынастары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік талаптарына сай келмейді, - дейді Самат Нұртаза.

Депутаттың ұсыныстары мынадай:

- ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқартуды ұсынамыз;

- ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру мүмкіндігін қарастыру немесе мемлекет пен жеке меншік секторының серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жеке меншік серіктестерге берілген аумақтарды күтіп ұстау қызметін жүктеу өзекті;

- жеке тұлғалар мен ақылы автотұрақтардың жеке меншік операторы арасындағы шарт талаптарын бұзғаны үшін айыппұл өндіру рәсіміне құқықтық баға берілуін сұраймыз.

Өзгелердің жаңалығы